ЖИ көмегімен қаланы ахуалдық басқару: елорданың iKOMEK109 орталығы тұрғындардың 18 млн өтінішін қабылдап, өңдеді

ЖИ көмегімен қаланы ахуалдық басқару: елорданың iKOMEK109 орталығы тұрғындардың 18 млн өтінішін қабылдап, өңдеді

2018 жылдан бері бірыңғай iKOMEK109 байланыс орталығы Астана тұрғындары мен қонақтарынан түскен 18 миллион өтінішті қабылдап, өңдеді. Бүгінде орталық қаланы басқару жүйесінің негізгі буындарының біріне айналып, мемлекеттік органдардың, коммуналдық қызметтердің, аудан әкімдіктері мен жедел қызметтердің жұмысын үйлестіреді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

2026 жылдың басынан бері iKOMEK109 орталығына 1,5 миллионнан астам өтініш түскен. Тұрғындар көбіне кеңес алу үшін жүгінеді. Негізгі мәселелер қатарында денсаулық сақтау, қоғамдық көлік, электрмен қамту, коммуналдық қызметтер және қалалық инфрақұрылым бар.

2026 жылдың қаңтарында байланыс орталығы Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының мамандары әзірлеген жеке ақпараттық жүйе – iKOMEK 2.0 платформасына толықтай көшті. Жаңа жүйе өтініштермен жұмыс істеудің барлық кезеңін қамтиды, өтініштердің орындалу мерзімін бақылауға, қайталанатын өтініштерді анықтауға және нақты уақыт режимінде талдау жүргізуге мүмкіндік береді.

Бүгінде iKOMEK109 дәстүрлі байланыс орталығынан қаланы заманауи ахуалдық басқару жүйесіне қарай дамып келеді. Тұрғындардың өтініштерін талдау, цифрлық сервистер мен жасанды интеллект технологиялары жүйелі мәселелерді жедел анықтауға, ықтимал тәуекелдерді алдын ала болжауға және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.