Елорда спортшылары жарты жылда мыңнан астам алтын медаль жеңіп алды

Елорда спортшылары жарты жылда мыңнан астам алтын медаль жеңіп алды

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Астана спортшылары түрлі деңгейдегі 668 жарысқа қатысты. Оның 233-і халықаралық, 435-і республикалық деңгейдегі додалар. Осы жарыстарда елорда спортшылары 2712 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 1069-ы – алтын, 844-і – күміс, 799-ы – қола, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Елордада кәсіби спортты дамытумен қатар, болашағынан үміт күттіретін спортшыларды қолдауға да ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі таңда 376 спортшы ай сайынғы ақшалай төлеммен қамтамасыз етілген.

Жылдың алғашқы алты айы Азия және әлем чемпионаттарындағы бірқатар айтулы жеңістермен ерекшеленді.
Елордалық боксшылар да жоғары нәтиже көрсетті. Ұлан-Батырда өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатында Нұрбек Оралбай 85 келіге дейінгі, ал Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта құрлық чемпионы атанды. Валентина Хальзова 70 келіге дейінгі салмақта қола медаль иеленді.

Ал Ташкентте өткен U15-U17 жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінде Нұрислам Бақтыбаев пен Сабыржан Сағым тағы екі алтын медаль жеңіп алды.

Елорда балуандары да байрақты бәсекелерде топ жарды. Дананг қаласында өткен U23 арасындағы Азия чемпионатында Ризабек Айтмұхан еркін күрестен жеңімпаз атанса, Айбек Айтбеков грек-рим күресінен 60 келіге дейінгі салмақта чемпион болды. Әйелдер күресінен Гүлмарал Еркебаева, Динара Дауылқызы және Жәмилә Мехдиева құрлық біріншіліктерінің қола жүлдегерлері атанды.

Астана спортшыларының жалпы медаль қорына атыс спортының өкілдері де елеулі үлес қосты. Дохада өткен стенд атудан Азия чемпионатында Әділ Садақбаева алтын, Владислав Заводиленко қола медаль иеленді. Нью-Делиде өткен оқ атудан Азия біріншілігінде елордалық спортшылар тағы сегіз жүлде жеңіп алды. Олардың қатарында Кирилл Цукановтың алтыны бар. Ал Зульде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Асылым Жақия ең жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Байдарка мен каноэде ескек есу спортынан да жоғары нәтижелер тіркелді. Хэфэйде өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатында Эвелина Костенко қола жүлдегер атанды. Түркістанда өткен жасөспірімдер мен U23 спортшылары арасындағы құрлық біріншілігінде елордалық ескекшілер бірнеше мәрте тұғыр биігіне көтерілді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарында Анастасия Прибыткова, Эвелина Костенко, Нұртілек Иман, Мадияр Канекен, Егор Краснонос және Юрий Горбов бар.

Олимпиадалық спорттың өзге түрлерінде де елордалық спортшылар жақсы нәтижелер көрсетті. Тяньцзиньде өткен жабық ғимараттағы жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында Кристина Кондрашова әйелдер арасындағы 4×400 метрлік эстафета құрамында құрлық чемпионы атанды. Ал ерлер арасындағы осы қашықтықтағы эстафетада Мади Төкенов қола медаль жеңіп алды. Нью-Делиде өткен семсерлесуден Азия чемпионатында Назарбай Саттархан командалық есепте қола жүлдеге қол жеткізді.

Бішкекте өткен көркем гимнастикадан Азия чемпионаты елорда спортшылары үшін айрықша жемісті болды. Астана өкілдері екі алтын, он күміс және төрт қола медаль – барлығы 16 жүлде жеңіп алды. Құрлық біріншілігінде Линара Жайлауова шығыршықпен, Анель Дінішева таспамен жаттығуда жеңімпаз атанды. Жеке және топтық жаттығуларда Айғаным Рысбек, Анна Рубцова, Айбота Ертайқызы, Ақмарал Ерекешева және елорданың басқа да гимнастшылары жүлдеге ие болды.

Велоспортшылар үшін де маусым сәтті басталды. Филиппинде өткен Азия чемпионатында Мұрат Күйтенов екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алса, Рамис Дінмұхаметов күміс жүлдегер атанды. Елордалық триатлоншылар да құрлықтық жарыстарда үздік нәтижелер көрсетті. Диана Ержанова мен Рамазан Айнегов жарыс жеңімпаздары атанса, Алуа Нұрмұхамбет пен Рамазан Айнегов күміс және қола жүлделерді қоржынға салды.
Олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлерінің өкілдері де лайықты нәтиже көрсетті. Алматыда өткен джиу-джитсудан Азия чемпионатында Астана спортшылары бес алтын, жеті күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Бішкекте өткен белбеу күресінен Азия чемпионатында елордалық команда екі алтын және бір қола жүлдеге қол жеткізді. Ал Манилада өткен спорттық және жауынгерлік самбодан құрлық біріншілігінде екі алтын және бір күміс медаль иеленді.

Шымкентте өткен дәстүрлі садақ атудан Азия чемпионатында Айкөркем Байтихан, Фариза Сабыржан және Қасымхан Қанат елорда қоржынына әртүрлі дәрежедегі алты жүлде салды.

Елорда уатерполшыларының да жетістігі елеулі болды. Куала-Лумпурда өткен U18 арасындағы Азия чемпионатында Дарина Каримова, Әдия Амангелдиева және Алима Нұрлан Қазақстан құрамасының сапында күміс жүлдегер атанды. Ал Алмас Бакиянов пен Данияр Сәрсекеев қола медаль иеленді.

Елорда спортшылары әлемдік деңгейдегі додаларда да өз мүмкіндіктерін дәлелдеді. Бангкокта өткен муайтайдан әлем чемпионатында Астана спортшылары бес алтын, үш күміс және екі қола – барлығы он медаль жеңіп алды. Әлем чемпиондары атанғандардың қатарында Әди Аманов, Арлан Аубакиров, Мұстафа Байшулақ, Қайрат Серік және Қайратбек Жарекеев бар.

Ташкентте өткен WT таеквондодан әлем чемпионатында Айым Серікбаева алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан таеквондосы үшін тарихи нәтижеге қол жеткізді.

Жас шахматшылар да жоғары нәтиже көрсетті. Сербияда өткен кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Астана өкілдері тоғыз медаль жеңіп алды. Венера Жәкишева алтын және күміс медаль иеленсе, Алиша Бисалиева алтын жүлдеге қол жеткізді. Алимжан Жауынбай мен Ерғали Сүлеймен күміс, Нұрали Нұршин, Әдинұр Әділбек және Ақнұр Мамақова қола медаль тақты.
Медальды нәтижелер сериясы Солт-Лейк-Ситиде өткен шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында да жалғасты. Бұл жарыста Богдан Вехов пен Нұрия Алпысбай қола жүлдегер атанды.

Осылайша, жылдың алғашқы жартыжылдығындағы нәтижелер бокс, күрес және су спортынан бастап гимнастика, атыс, велоспорт пен зияткерлік сайыстарға дейінгі спорттың сан алуан бағытын қамтыды.
Жылдың екінші жартысында да елордалық спортшылардың алдында маңызды міндеттер тұр.
31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Қазіргі таңда Астанадан үш спорт түрінен алты спортшының қатысатыны бекітілді. Оның үшеуі – тоғызқұмалақтан, біреуі – күрештен, екеуі – дәстүрлі садақ атудан сынға түседі. Қазір спортшылар алдағы ойындарға дайындықтың соңғы кезеңінен өтіп жатыр.
Жылдың басты додаларының бірі – Жапонияда өтетін 2026 жылғы Жазғы Азия және Пара Азия ойындары. Азия ойындарына Астанадан спорттың 13 түрі бойынша 24 спортшы қатысады.

Пара Азия ойындарында елорда намысын сегіз спорт түрінен 20-ға жуық спортшы қорғайды. Олар пара дзюдо, пара жүзу, пара жеңіл атлетика, пара оқ ату, пара велоспорт, бочча, пара үстел теннисі және отырып ойнайтын волейболдан бақ сынайды.

Сонымен қатар 10-25 тамыз аралығында есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында сурдлимпиадалық спорт түрлерінен IV Қазақстан Республикасы спартакиадасы өтіп жатыр. Астана құрамасы сапында сегіз спорт түрінен 94 спортшы өнер көрсетуде.

Алдағы жарыстар елордалық спортшылар үшін мазмұнды әрі тартысты спорт маусымының жалғасы болмақ.