
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елорданың Триатлон саябағында «Тәуелділікті спортқа айырбаста» атты профилактикалық акция өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Акцияны елорданың Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Алматы ауданының прокуратурасы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен бірлесіп ұйымдастырды.
«Тәуелділікті спортқа айырбаста» акциясының негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және зиянды әдеттерден бас тартуға шақыру. Ұйымдастырушылар жастарға зиянды заттарды – вейптерді, темекі мен басқа да темекі өнімдерін спорттық құралдарға: доптарға, дартсқа және дене шынықтыруға арналған жабдықтарға айырбастауды ұсынды.
Қазақстанның Street Workout федерациясының вице-президенті Тимур Тайшыбековтің айтуынша, спортпен топ болып айналысу – зиянды әдеттермен күресудің тиімді тәсілдерінің бірі.
«Бастапқыда спортпен айналысуға аса мән бермеген жастардың біртіндеп оның мәнін түсініп, спорттың қолжетімді әрі пайдалы екенін ұғына бастағанын көріп жүрміз. Спорттық жаттығулар адамның денесін шынықтырып қана қоймай, өмірлік ұстанымдарын да өзгертуге ықпал етеді», – деді Тимур Тайшыбеков.
Ол мұндай шаралар жастарға өзін-өзі дамытуға және дұрыс жолды таңдауға елеулі серпін беретінін атап өтті.
Акция тұрақты түрде өткізіледі. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің оң нәтижесін атап отыр: денсаулығын нығайтып, қоғамға пайдалы іспен айналысуға ұмтылған жастардың белсенді өмір салтын таңдауы артып келеді.
Мұндай бастамалар спорттың жай ғана дене белсенділігі емес, жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеудің маңызды құралы екенін көрсетеді.
#законипорядок #заңментәртіп