
Астана қаласының спорт мектептері жаңа оқу жылы қарсаңында түрлі спорт бағыттары бойынша балаларды тегін оқуға қабылдау және іріктеу жұмысын бастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бүгінде елордада 10 спорт мектебі жұмыс істейді. Мұнда 62 спорт түрі, оның ішінде 39 олимпиадалық спорт түрі дамып жатыр. Аталған мектептерде шамамен 8 мың бала мен жасөспірім тегін білім алады.
Топтарды жасақтаудың негізгі кезеңі дәстүрлі түрде тамыз-қыркүйек айларына келеді. Биыл елорданың жас тұрғындарына спорттық және көркем гимнастика, батутта секіру, спорттық құзға өрмелеу, биатлон, шаңғы жарысы, конькимен жүгіру, грек-рим және әйелдер күресі, академиялық есу, байдарка мен каноэде есу, суға секіру, садақ ату, стенд атудан спорттық ату, жеңіл атлетика, футбол, футзал және шайбалы хоккей бағыттары ұсынылады.
Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов атап өткендей, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту және спорт резервін даярлау саланың басым бағыттарының бірі болып қала береді.
«Спорт мектептері гимнастика, жекпе-жек, су спорт түрлері, қысқы және жазғы, ұлттық және басқа да спорт түрлері бойынша таңдау ұсынады. Балаларды негізгі қабылдау және іріктеу тамыз-қыркүйек айларында өтеді. Қабылдау кезінде баланың жасы, физикалық көрсеткіштері, қабілеті және нақты спорт түріне қойылатын талаптар ескеріледі», – деді Азамат Ағзамов.
Мәселен, көркем және спорттық гимнастикаға 2020 жылы туған балалар шақырылады. Батутта секіру бөліміне 2019-2021 жылдары туған қыздар мен ұлдар қабылданады. Өтініш берген кезде бала толық бес жасқа толған болуы керек. Спорттық құзға өрмелеумен 2017-2020 жылдары туған, алты жасқа толған балалар айналыса алады.
Осы бағыттар бойынша қосымша ақпаратты 28-25-61 телефоны арқылы алуға болады.
Қысқы спорт түрлері арасында да таңдау кең. Биатлонмен 9 жастан 16 жасқа дейінгі балалар, шаңғы жарысымен 9 жастан 11 жасқа дейінгі балалар айналыса алады. Сонымен қатар конькимен жүгіру бөліміне қабылдау жүргізілуде.
Байланыс телефондары: биатлон +7 707 152 52 48, шаңғы жарысы +7 701 684 98 73, конькимен жүгіру +7 701 999 28 95.
Жекпе-жек түрлеріне қызығушылық танытқан жас спортшылар арасында грек-рим және әйелдер күресінен іріктеу жүргізіледі. 10-14 жас аралығындағы ұлдар грек-рим күресіне шақырылады. Байланыс телефоны: +7 702 209 27 82. 10-16 жастағы қыздар әйелдер күресі бөліміне іріктеуден өте алады. Байланыс телефоны: +7 701 236 06 96.
Су спорт түрлері бойынша да топтарды жасақтау жүріп жатыр. Академиялық есуге, сондай-ақ байдарка мен каноэде есуге 2014-2016 жылдары туған балалар қабылданады. Бұл бағыттарға жыл бойы қосылуға болады. 2017-2019 жылдары туған балалар арасында суға секіру бойынша іріктеу 24-29 тамыз аралығында өтеді. Байланыс телефоны: 8 (7172) 36-93-50.
9-11 жастағы балалар үшін жеңіл атлетика бөліміне қабылдау ашық. Қосымша ақпаратты 57-56-17 телефоны арқылы алуға болады.
Командалық спорт түрлерімен айналысуға да бірнеше бағыт бойынша мүмкіндік бар. Футбол және футзал бойынша спорт мектебіне 2019 жылы туған балалар қабылданады, сондай-ақ 2010-2018 жылдары туған ұлдар мен қыздар тиісті бөлімдерге іріктеуден өтеді. Толық ақпарат мектептің Instagram-дағы @sdushor_8 парақшасында жарияланған.
1 қыркүйектен бастап атыс спорт түрлері бойынша қабылдау басталады. Садақ атумен 10–13 жастағы, стенд атудан 12–13 жастағы балалар айналыса алады. Байланыс телефоны: +7 702 829 28 90.
Тағы бір қолжетімді бағыт – шайбалы хоккей. Секцияға 2021 жылы туған ұлдар шақырылады. Сондай-ақ 5-16 жас аралығындағы қыздарға мұз үстінде өз мүмкіндіктерін сынап көруге мүмкіндік беріледі. Қосымша ақпаратты 26-61-77 телефоны арқылы алуға болады.
Қабылдау мерзімі, жас ерекшеліктері және іріктеу талаптары туралы толық ақпарат Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының ресми ресурстарында, сондай-ақ елордадағы он спорт мектебінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланады.