Елордалық шабандоздар Қырғызстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жолдама алды

Елордалық шабандоздар Қырғызстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жолдама алды

Алматыдағы Орталық ипподромда жорға жарыстан Қазақстан чемпионатының іріктеу кезеңі аяқталды. Жарыста елордалық шабандоздар жүлделі орындарға ие болып, жақсы нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Жарысқа қатысушылар 9 шақырым қашықтықты бағындырды.
Астана командасының өкілдері жарыста бірінші және екінші орындарды иеленді. Бірінші болып Экспресс Лок атты жорға келсе, екінші орынды Қаратал жеңіп алды.

Жарыста команда сапына жақында ғана қосылған 13 жастағы қыз-жокейдің өнері де көпшіліктің назарын аударды. Жас ерекшелігіне қарамастан, алғашқы жарыстарының бірінде-ақ ол жақсы нәтиже көрсетіп, күміс жүлдеге қол жеткізді.

Жаттықтырушы әрі чемпион Әлия Тоқтасынованың айтуынша, бұл жарыстың маңызы ерекше. Себебі ол алда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу кезеңі болған.

«Бұл біз үшін өте маңызды жарыс болды. 9 шақырым қашықтықта бақ сынап, бірінші және екінші орындарды иелендік. Әсіресе, 13 жастағы жокейіміздің нәтижесіне қуаныштымыз. Ол командаға жақында ғана қосылды, соған қарамастан жақсы нәтиже көрсетті. Жүлделі орындардың арқасында Көшпенділер ойындарына іріктеуден сәтті өттік. Ендігі басты міндетіміз – жақсы дайындалып, алдағы жарыста Астана мен Қазақстанның намысын лайықты қорғау», – деді Әлия Тоқтасынова.

Команданың келесі жарысы 29 тамызда Алматыдағы Nomad Arena ипподромында өтеді. Спортшылар бұл жолы жорға жарыстан 5 шақырым қашықтықта сынға түседі.

Алматыдағы жарыстан кейін команда Қырғызстанға аттанып, 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады. Онда елордалық шабандоздар 11 шақырымдық қашықтықта өнер көрсетеді.