
Елорданың Алматы ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшелері Президенттік орталыққа барды. Экскурсия аға буын өкілдеріне елорданың мәдени-тарихи маңызды орындарының бірімен танысуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мәдени ұйымдастырушысы Бақытжан Төлеубаеваның айтуынша, мұндай іс-шаралар мен экскурсиялар аға буын өкілдеріне елорда жайлы жақсырақ біліп, араласатын ортасын кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Аға буын өкілдерінің барлығы бірдей қаланы әлі жақсы біле бермейді. Сондықтан біз Ұлттық музейге, ҚР Тұңғыш Президенті музейіне, Әскери музейге экскурсиялар ұйымдастырып, түрлі концерттерге бірге барамыз. Топтарға өзім үнемі жетекшілік етіп жүремін», – деді ол.
Экскурсия барысында қатысушылар Президенттік орталықтың залдары мен экспонаттарын тамашалап, ел тарихы мен мемлекеттің қалыптасу кезеңдері туралы мағлұмат алды.
«Халқымыздың тарихын, мемлекетіміздің қалыптасу жолын тереңірек білу өте қызықты. Қатысушылардың көбі бұл орталыққа алғаш рет келіп отыр. Оларға өте ұнады. Алдағы уақытта залдар мен экспонаттарды егжей-тегжейлі аралап көру үшін орталыққа тағы да келуді жоспарлап отырмыз», – деді Бақытжан Төлеубаева.
Ол мәдени және тарихи нысандарға бару Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Елорданың көрікті әрі тарихи орындарына ұйымдастырылатын экскурсиялар қатысушыларға Қазақстанның тарихы мен мәдениетімен танысып қана қоймай, белсенді өмір салтын ұстануға, өзара араласуға және қаланың қоғамдық өміріне араласуға мүмкіндік береді.