
Елордадағы «Арғымақ» ат және ұлттық спорт түрлері клубында қала тұрғындарына иппотерапия бойынша сабақтар өткізіледі. 2026 жылдың басынан бері бұл қызметті 586 адам пайдаланған, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
«Арғымақ» клубында иппотерапия сабақтары 2023 жылдың қазан айынан бері өткізіліп келеді. Жоба алғашында пилоттық режимде іске қосылған. Оның алғашқы серіктестерінің бірі ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалтудан тәжірибесі мол «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы болды.
Қазір иппотерапия сабақтарына қала тұрғындарымен қатар «Жансая», «Шарапат» және «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызмет алушылары қатысады.
Сабақтар дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері үш ауысымда өткізіледі. Клубқа иппотерапияға арнайы үйретілген жеті жылқы бекітілген.
2025 жылы иппотерапия сабақтарынан ерекше қажеттіліктері бар 2 470 бала өткен.
Клубта мамандардың біліктілігін арттыруға да ерекше мән беріледі. Қызметкерлер үшін иппотерапия әдісі арқылы ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалтуға арналған бес оқу семинары мен үш практикалық сабақ ұйымдастырылды. Сонымен қатар мамандар тиісті сертификаттаудан өтуде.
Сабақтарға birge.astana.kz порталы арқылы жазылуға болады. Курс басталмас бұрын әр бала алғашқы медициналық тексеруден өтеді. Оның нәтижесіне қарай мамандар әр балаға жеке оңалту жоспары мен сабаққа қатысу кестесін әзірлейді.