
Астанада 2026-2027 оқу жылына арналған тамыз кеңесі аясында білім беру жүйесінің стратегиялық даму бағыттарын қамтыған 16 панельдік сессия ұйымдастырылды. «Білім беру жүйесінің стратегиялық дамуы: конституциялық құндылықтар, жасанды интеллект және адами капитал» тақырыбындағы кеңес педагогтер қауымын жаңа оқу жылындағы басымдықтарды талқылау үшін бір алаңға жинады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Панельдік сессиялар білім берудің барлық деңгейін қамтып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудан бастап, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру, инклюзивті білім беру, тәрбие жұмысы және педагогтердің кәсіби дамуына дейінгі өзекті мәселелерді қарастырды.
Форумның маңызды бағыттарының бірі – білім беру ұйымдарын басқару және көшбасшылық. Басшылар мен басқару құрамына арналған сессияларда заманауи менеджмент, құндылыққа негізделген басқару және білім беру ұйымдарын цифрлық трансформациялау мәселелері талқыланды.
Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу де кеңестің негізгі тақырыптарының біріне айналды. Педагогтер ЖИ құралдарын оқу үдерісінде тиімді әрі жауапты пайдалану, білім сапасын арттыру және цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін қолдану жолдарын қарастырды.
Сонымен қатар адами капиталды дамыту, ұлттық және конституциялық құндылықтарды дәріптеу, «Адал азамат» тұжырымдамасын білім беру мен тәрбие үдерісіне енгізу мәселелеріне ерекше мән берілді.
Мектепке дейінгі білім беру бағытында ерте дамыту, ұлттық құндылықтарды қалыптастыру және мектеп пен балабақша арасындағы сабақтастық мәселелері талқыланды. Ал бастауыш білім беру саласында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға арналған заманауи тәсілдер мен тиімді педагогикалық практикалар ұсынылды.
Пәндік бағыттар бойынша қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық білім берудің сапасын арттыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні пәндерді оқытуға кіріктіру мәселелері қарастырылды.
Ұлттық құндылықтарды білім мазмұнына енгізуге арналған сессияларда көркем еңбек пен музыка сабақтарының мүмкіндіктері талданып, ұлттық өнерді заманауи дизайн және технологиялармен ұштастырудың практикалық үлгілері көрсетілді.
Форумда дене тәрбиесі, оқушылардың денсаулығы мен белсенді өмір салтын қалыптастыру мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Сонымен бірге жас педагогтердің кәсіби қалыптасуы, олардың құндылықтан инновацияға дейінгі даму жолы талқыланды.
Оқу мәдениетін қалыптастыруға арналған «Зерделі ұлт» сессиясында кітап оқу мәдениетін дамыту, оқырмандық сауаттылықты арттыру және білім алушылардың кітапқа қызығушылығын күшейту бағыттары қарастырылды.
Ерекше назар инклюзивті білім беруге аударылды. Арнайы педагогтер мен педагог-ассистенттерге арналған сессияларда саралап оқыту технологияларының теориясы мен практикасы, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау тәсілдері сөз болды.
Колледж педагогтері мен өндірістік оқыту шеберлеріне арналған сессияда жасанды интеллект пен еңбек нарығының байланысы, болашақ мамандарға қажетті білім мен құзыреттер талқыланды. Бұл бағыт білім беру мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтуға бағытталды.
Тәрбие жұмысы аясында жасанды интеллект және «Адал азамат» құндылықтары, құқықтық мәдениет, экологиялық тәрбие, «Таза Қазақстан» бағдарламасы және кәсіби бағдар беру мәселелері қарастырылды.
Форумның тағы бір маңызды бағыты – қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру. Педагог-психологтер, әлеуметтік педагогтер және ата-аналар қауымдастығының өкілдері білім алушылардың психологиялық әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын талқылады.
Панельдік сессиялармен қатар қатысушылар үшін 15-тен астам жеке шеберлік сағаты, практикалық секциялар, TED Talks, воркшоптар, арт-терапия, AI hackathon және тәжірибе алмасуға арналған көрмелер ұйымдастырылды. Практикалық алаңдарда барельеф, мүсін, лазерлік технологиялар, ұлттық кесте, киіз басу, жүн және былғары өңдеу секілді бағыттар бойынша шеберлік сабақтары өткізілді.
Форум жұмысына отандық және шетелдік сарапшылар да қатысты. Олардың қатарында Шанхай педагогикалық университетінің профессоры Гун Ван, Токио университетінің профессоры Сэм Бэмкин, Цукуба университетінің өкілі Актолкын Рустемова және Shanghai DFRobot Co компаниясының жобалар директоры Цянь Чжан болды. Халықаралық сарапшылар білім берудегі бағалау жүйесін трансформациялау, мектеп көшбасшылығы, халықаралық тәжірибе және жасанды интеллект саласындағы практикалық инновациялар туралы ой бөлісті.
Осылайша, Астанадағы тамыз форумы білім беру жүйесінің 16 стратегиялық бағытын бір алаңда тоғыстырып, педагогтерге жаңа оқу жылына қажетті ғылыми-әдістемелік және практикалық құралдарды ұсынды. Кеңес нәтижесінде білім беру тәжірибе алмасу күшейіп, мектеп, колледж, жоғары оқу орны, ғылым, мемлекет, бизнес және халықаралық сарапшылар арасындағы кәсіби байланыстарды дамытуға мүмкіндік берілді.