
Astana Innovations Accelerator 2025 бағдарламасының түлегі қазақстандық WeGlobal AI жасанды интеллект стартапы Road to TechCrunch Startup Battlefield 2026 байқауының өңірлік финалында екінші орын алып, Сан-Францискода өтетін TechCrunch Startup Battlefield 200 іс-шарасында өңір атынан өнер көрсететін үздік үш команданың қатарына енді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
2026 жылы Road to Battlefield байқауына 39 елден 700-ден астам өтінім түсіп, рекордтық көрсеткіш тіркелді. Байқауға қатысушы елдерде өткен ұлттық іріктеу нәтижесінде өңірлік финалға 22 стартап жолдама алды. Ал халықаралық қазылар алқасы олардың арасынан ең үздік үш команданы анықтады. Road to Battlefield – TechCrunch Startup Battlefield 200 байқауының ресми өңірлік іріктеу кезеңі. Ол Орталық Еуразияның болашағы зор стартаптарына әлемдік технологиялық аренаға шығуға мүмкіндік береді.
Байқау шарттарына сәйкес, қазақстандық WeGlobal AI стартапы 30 мың доллар көлемінде инвестициялық қаржыландыру алады.
Сонымен қатар команданың екі өкілі Сан-Францискоға барып, TechCrunch Disrupt көрмесінде арнайы алаңға ие болады.
TechCrunch Startup Battlefield 200 2026 жылғы 13-15 қазан аралығында Сан-Франциско қаласында өтеді.
WeGlobal AI – кәсіптік бағдар беруді, оқушылардың мықты қырларын талдауды және психологиялық қолдау құралдарын біріктіретін мектептерге арналған жасанды интеллект платформасы. Жүйе мамандарға деректерді жүйелеуге, ықтимал тәуекелдерді дер кезінде анықтауға және оқушыларға білім алу әрі болашақ мамандығын таңдау жолында бағыт-бағдар беруге көмектеседі.
Бүгінде платформа Қазақстанның 13 өңіріндегі 2 мыңнан астам мектепте енгізілген. Оны 1,2 миллионнан астам оқушы мен 20 мың маман пайдаланады. Команда StartX бағдарламасына іріктеуден өтіп, 2026 жылдың мамыр айынан бастап өз шешімін АҚШ-тағы үш мектепте сынақтан өткізіп жатыр. Сондай-ақ WeGlobal AI Oxford University және Nazarbayev University-мен бірлесіп, мектеп оқушыларының психологиялық әл-ауқатын зерттеуге қатысуда.
WeGlobal AI жобасының дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі – Astana Innovations Accelerator 2025 бағдарламасына қатысуы.
Бағдарламаны Астана әкімдігі «Astana Innovations» АҚ және Astana Hub-пен бірлесіп жүзеге асырады. Оның негізгі мақсаты – қаладағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған технологиялық шешімдерді іздеу және қолданысқа енгізу.
Акселератор аясында команда менторлық және сараптамалық қолдауға ие болды. Сонымен қатар әзірленген шешім Астананың мемлекеттік мектептерінде пилоттық сынақтан сәтті өтті.
Нақты білім беру ортасында жұмыс істеу өнімді сынақтан өткізуге, кері байланыс жинауға және оны одан әрі дамытудың бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Бүгінде WeGlobal AI Қазақстанда және шетелде өз ауқымын кеңейтіп келеді. TechCrunch Startup Battlefield 200 байқауына қатысу жоба дамуының жаңа кезеңіне жол ашады. Осылайша, Астанадағы мектептерде жүргізілген пилоттық жобадан кейін стартап АҚШ-тағы жетекші халықаралық технологиялық алаңдардың біріне шығуға мүмкіндік алып отыр.