Астанада педагогтерге арналған тамыз конференциясы өтті

Астанада педагогтерге арналған тамыз конференциясы өтті

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында ұстаздарға арналған тамыз конференциясы өткенін мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Жаңа оқу жылының басталуына екі апта қалды. Бұл – мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар үшін жауапты әрі толқынысқа толы кезең. Биыл мектеп табалдырығын алғаш рет 35 мыңнан астам бала аттайды деп күтіліп отыр. ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен бірге педагогтерге арналған дәстүрлі тамыз конференциясын өткізіп, білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттарын талқыладық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде «Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді» деп атап өтті.

Қазіргі уақытта қалада мыңнан астам білім беру ұйымы жұмыс істейді, онда 441 мыңнан астам бала білім нәрімен сусындап, тәлім алып жүр. Бес жыл бұрын мектеп оқушыларының саны 230 мың болса, бүгінде бұл көрсеткіш 337 мыңнан асты.

Соңғы үш жылда 110 мың оқушыға арналған 44 мектеп салынды. Оның 24-і – Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында. Сонымен қатар алты оқушылар сарайы, үш мемлекеттік балабақша және т.б. салынды.

Биыл 11,5 мың оқушыға арналған тағы 10 мектеп пайдалануға беріледі. Оның сегізі 1 қыркүйекке дейін ашылады. Ал 2027 жылға 34 мың оқушыға арналған тағы 19 мектеп салу жоспарланған.

Оқушыларымыз республикалық және халықаралық зияткерлік байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Соңғы үш жылда олар 331 медаль жеңіп алды: 83 алтын, 100 күміс, 148 қола медаль.

Мұндай нәтижеге білікті педагог кадрларының арқасында қол жеткізілді. Жыл сайын болашақ мұғалімдерді даярлауға арналған білім беру гранттары бөлінеді. Соңғы бес жылда жоғары оқу орындарында білім алу үшін шамамен 4 мың грант берілді.

Соның нәтижесінде елорда мектептерінде педагог кадрларының тапшылығы айтарлықтай азайды.
Педагог – жай ғана мамандық емес, бұл – жүрек қалауымен таңдалған жол, үлкен жауапкершілік пен мәртебелі міндет! Ұстаз бала бойындағы өзіне әлі де беймәлім қабілетті байқап, оны ашуға бағыт-бағдар береді. Білімі, ықыласы мен қолдауы арқылы педагогтер шәкірттерінің өз күшіне сеніп, алға нық қадам басуына және көздеген мақсаттарына жетуіне жол ашады.

Ұстаздар қауымына маңызды да жауапты еңбегі үшін алғысымды білдіремін! Жаңа оқу жылында оқушылар мен педагогтерге толағай табыс, биік белестер мен жарқын жетістіктер тілеймін!» – деп жазды Жеңіс Қасымбек.