Білім беру жүйесін дамыту және ЖИ-ді енгізу: Астанада педагогтердің тамыз конференциясы өтті

Білім беру жүйесін дамыту және ЖИ-ді енгізу: Астанада педагогтердің тамыз конференциясы өтті

Астанада қалалық тамыз педагогтер конференциясы өтті. Биылғы іс-шара білім беру жүйесін стратегиялық тұрғыдан дамытуға, конституциялық құндылықтарға, жасанды интеллектіге және адами капиталды дамытуға арналды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астана қаласының Білім басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған форум офлайн форматта 3 мыңға жуық педагогтің, ал онлайн форматта 20 мыңнан астам қатысушының басын қосты. Жиынға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, білім беру ұйымдарының басшылары, ғалымдар, сарапшылар, педагогтер, сондай-ақ білім беру саясаты саласындағы халықаралық мамандар қатысты.

Пленарлық отырыс барысында қатысушылар елордадағы білім беру жүйесінің негізгі міндеттерін, оқыту сапасын арттыруды, педагогтердің кәсіби әлеуетін дамытуды, жасанды интеллектіні енгізуді, сондай-ақ оқушылардың әрі қарай білім алуы мен кәсіби қызметіне қажетті құндылықтар мен дағдыларды қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Негізгі тақырыптардың бірі білім беру инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту болды. Білім басқармасының мәліметінше, қаладағы оқушылар саны жыл сайын 20 мыңнан астам балаға артып келеді. 2029-2030 оқу жылына қарай қала мектептерінде шамамен 400 мың бала білім алады деп күтіліп отыр. Осыған байланысты Астананың Бас жоспарында 140 жаңа мектеп салуға арналған жер учаскелері қарастырылған.

Сонымен қатар елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, инфрақұрылымды дамыту білім сапасын арттырумен қатар жүруі керек. Астана оқушылары зияткерлік жарыстарда да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Соңғы үш жылда елордалық оқушылар халықаралық және республикалық олимпиадаларда 331 медаль жеңіп алды. Оның 83-і – алтын, 100-і – күміс, 148-і – қола медаль.

Форумда педагог кадрларды даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда Астана қаласындағы жоғары оқу орындарында шамамен 5 мың студент педагогикалық мамандықтар бойынша білім алып жатыр. Биыл оқуын аяқтаған 500 жас маман елорда мектептерінде еңбек жолын бастады.

Қала әкімінің айтуынша, соңғы бес жылда Астана әкімдігі болашақ педагогтерді даярлауға арналған шамамен 4 мың білім беру грантын бөлген.
«Соңғы үш жылда 110 мың оқушыға арналған 44 мектеп салынды. Оның 24-і – Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында. Сонымен қатар алты оқушылар сарайы, үш мемлекеттік балабақша және басқа да нысандар салынды. Биыл тағы 11,5 мың оқушыға арналған 10 мектеп пайдалануға беріледі. Оның сегізі 1 қыркүйекке дейін ашылады. 2027 жылға 34 мың оқушыға арналған тағы 19 мектеп салу жоспарланып отыр», – деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Форумның негізгі бағыттарының бірі білім беру үдерісіне жасанды интеллектіні енгізу болды. Жаңа оқу жылынан бастап Астанада «AI Teacher Astana» жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Жоба педагогтердің жасанды интеллект құралдарын тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалану бойынша практикалық дағдыларын қалыптастыруға бағытталады.

Сонымен қатар қыркүйек айынан бастап «Science Lab» жобасы іске қосылады. Жоба жаратылыстану-ғылыми пәндерді оқытудың практикалық бағытын күшейтуге арналған. Оның аясында оқушылар теорияны меңгеріп қана қоймай, өздері тәжірибе жасап, зерттеу жүргізеді, деректермен жұмыс істейді, нәтижелерді талдап, өз тұжырымдарын дәлелдеуді үйренеді.

«Астана мектептері – бұл баланың күніне алты сағат уақыт өткізетін жай ғана ғимараттар емес. Бұл – қаланың білім беру экожүйесіне бастайтын жол», – деді Астана қаласының Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.

Тағы бір маңызды бағыт – жауапты азамат тәрбиелеу. Елордада «Қала менен басталады» атты қалалық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның мақсаты – оқушыларға білім беріп қана қоймай, жауапкершілік пен қоғам өміріне араласудың нақты тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік беру.

Форумда инклюзивті білім беруді дамыту мәселесі де талқыланды. Қазіргі таңда Астанада орта білім беру деңгейінде 5 мыңнан астам бала инклюзивті оқытумен қамтылған. Мектептерде инклюзияны қолдауға арналған 98 кабинет жұмыс істейді. Биыл тағы 20 кабинет ашу жоспарланып отыр.

Қасымхан Сенғазыевтің айтуынша, инклюзияға қатысты тәсіл сандық көрсеткіштерден әр баланың нақты жетістігін бағалауға қарай өзгереді.
«Негізгі көрсеткіштер ретінде баланың білім алудағы ілгерілеуі, дербестігі, әлеуметтенуі және мектеп өміріне белсенді қатысуы алынады», – деп атап өтті ол.

Форум аясында «БІЛІМ. AI. БОЛАШАҚ: Инновациялар және серіктестік» атты білім беру көрмесі де ұйымдастырылды. Онда халықаралық және отандық IT-компаниялар, білім беру ұйымдары мен стартаптар білім беру саласына арналған цифрлық шешімдер мен заманауи технологияларын таныстырды.

Түстен кейін форум жұмысы білім беру менеджменті, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, инклюзивті және қосымша білім беру, педагогтердің кәсіби дамуы, тәрбие жұмысы, психологиялық қызмет және басқа да бағыттарды қамтыған 16 панельдік сессияда жалғасты.
Форумның екінші күні, 18 тамызда, елорданың барлық білім беру ұйымдарында бірыңғай әдістемелік кеңес өтеді. Педагогтер телемост форматында форумда ұсынылған тәжірибелер мен ұсынымдарды талқылап, жаңа оқу жылындағы басым міндеттерді айқындайды.

Екі күндік форум қорытындысы бойынша оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру, жасанды интеллектіні тиімді пайдалану, педагогтердің кәсіби дамуы және білім сапасын арттыру бойынша практикалық ұсынымдар әзірлеу жоспарланып отыр.