Елордалық құтқарушылар тұрғындарға балалардың қауіпсіздігі туралы еске салды

Елордалық құтқарушылар тұрғындарға балалардың қауіпсіздігі туралы еске салды

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жазғы демалыс кезінде ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін ескертіп келеді. Күн жылып, пәтерлердің терезелері жиі ашыла бастаған кезде, көпқабатты үйлерде балалардың терезеден құлап кету қаупі арта түседі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Осындай оқиғалардың негізгі себептерінің бірі – ересектер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы. Сондай-ақ ата-аналардың масаға қарсы торға сенім артуы немесе терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатпауы да қауіп төндіреді. Масаға қарсы тор баланы құлап кетуден қорғауға арналмаған және оның салмағын көтере алмайды.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды шаралар кешені аясында қалалық ТЖД тұрғындар арасында түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды күшейту, сондай-ақ балалардың терезеден құлап кету жағдайларының алдын алу мақсатында кезекті «Қауіпсіз терезе» профилактикалық акциясын өткізді.

Акция барысында әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың 412 пәтеріне 1 600 терезе блокираторы тегін орнатылды. Арнайы құрылғылар баланың терезені өздігінен ашуына шектеу қойып, жазатайым оқиғалардың қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Астана қаласының ТЖД мамандары балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті.

Ата-аналар балаларды қараусыз қалдырмауы, терезе маңына бала мінуі мүмкін жиһаздарды қоймауы, сондай-ақ терезелерге сенімді блокираторлар мен қауіпсіздік құлыптарын орнатуы қажет.

Құтқарушылар ата-аналар мен елорда тұрғындарын балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға, қарапайым сақтық шараларын сақтауға және жаз мезгілінде балаларға ерекше көңіл бөлуге шақырады.