
Елімізде «Заң мен тәртіп» қағидаттарына негізделген мемлекеттік саясатты іске асыру жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасының «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» жаңа Заңы құқық бұзушылықтардың алдын алудың заманауи тәсілдерін бекітіп, олардың салдарын жоюдан гөрі алдын алуға басымдық берді. Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Сарайшық» ауданы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің бастығы Әсет Дошаев осы туралы жан-жақты мәлімет берді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Оның айтуынша, «Сарайшық» ауданының прокуратурасы мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіреді, заң бұзушылықтардың себептері мен оларға ықпал ететін жағдайларды талдап, оларды жою жөнінде шаралар қабылдайды. Аудан әкімдігімен, полициямен, МИБ, ПИК, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және қоғам өкілдерімен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар кешені жүзеге асырылып жатыр.
«Жастардың құқықтық тәрбиесіне ерекше назар аударылады. Өтеген Сейітов атындағы Болашақ прокурорлар клубы ауданның 17 мектебінен 35 мыңнан астам оқушыны қамтып отыр. Олар үшін оқу сот процестері, құқық қорғау органдарына экскурсиялар және кәсіптік бағдар беру кездесулері ұйымдастырылады.
Мемлекеттік органдармен бірлесіп өрт қауіпсіздігі, су айдындарындағы қауіпсіздік және кәмелетке толмағандардың қараусыз қалуының алдын алу мәселелері бойынша профилактикалық рейдтер де өткізіледі», – деді спикер.
Негізгі бағыттардың бірі – үлестік құрылысқа қатысушылардың құқықтарын қорғау. Сондай-ақ 297 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қорғалып, кінәлі лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура зейнетке шығу кезінде тиісті өтемақы төленбеген білім беру және денсаулық сақтау саласының 300-ден астам қызметкерінің құқықтарын қалпына келтірді. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс жалғасуда. Сонымен қатар 500-ден астам оқушының қауіпсіз тасымалы қамтамасыз етіліп, еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін тоғыз жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды.
«Сарайшық» ауданы прокуратурасының жұмысы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға, кәсіпкерлікті қолдауға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған. Жаңа заңды іске асыру мемлекеттік органдардың, қоғам мен бизнестің өзара іс-қимылына негізделген тиімді профилактика жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде заңдылықты нығайтып, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырады», – деп қорытындылады Әсет Дошаев.
#заңментәртіп #законипорядок