
Астанада елдегі алғашқы есірткіге қарсы тақырыптық пойыз іске қосылды. Есірткіден бас тартуға шақыратын үндеулер мен көмек көрсету қызметтерінің байланыс нөмірлері көрсетілген пойыз Астана – Бурабай бағыты бойынша күн сайын қатынайды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ерекше жобаны Астана қаласының Полиция департаменті мен Көліктегі полиция департаменті елорда әкімдігінің, Сарайшық ауданы әкімдігінің, ҚР Пенчак Силат қауымдастығының, «Жасыл желкен» қоғамдық қорының, «O.Y.A.N» еріктілері мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының қолдауымен ұйымдастырды.
Пойыздың тұсаукесері 12 тамыз күні кешке «Нұрлы жол» вокзалында өтті. Жолаушылар пойызға отыруға жиналып жатқан кезде перронда ерекше акция ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері, еріктілер, спортшылар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері «Астана – есірткісіз қала!» жобасы туралы айтып берді.
Вагондар толығымен есірткіге қарсы материалдармен безендірілді. Оларға заңды сақтауға, есірткіден бас тартуға және салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын үндеулер орналастырылды.
Пойыз күн сайын қатынайды. Сондықтан ұйымдастырушылардың айтуынша, профилактикалық ақпарат бір реттік акция аясында ғана қалып қоймай, жолаушылардың үнемі назарында болады.
Жолаушыларға сенім телефондары мен көмек алуға болатын қызметтердің байланыс нөмірлері көрсетілген буклеттер таратылды. Вокзалда сондай-ақ есірткіге қарсы бейнероликтер көрсетілді.
Акция пойызды іске қосудан ғана тұрмайды. Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін есірткі қолданудың салдары туралы картиналар көрмесі, концерт және интерактивті профилактикалық алаңдар ұйымдастырылды.
Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бөлімінің бастығы Әлия Қибатқызының айтуынша, профилактика – тек құқық қорғау органдарының жұмысы емес, қоғам мен әр адамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан жобаға жастар, еріктілер, спортшылар және қоғамдық ұйымдар тартылды. Негізгі мақсат – есірткінің салдары туралы ескертіп қана қоймай, бұл қауіпке тұрақты түрде теріс көзқарас қалыптастыру және салауатты өмір салты, заң мен жеке жауапкершілік күнделікті мәдениеттің бір бөлігіне айналуы керектігін көрсету.
Полицияның кинологиялық қызметінің мамандары қызметтік иттердің жұмысын көрсетті. Акцияға қатысушылардың назарын аударғандардың бірі полицияның робот-иті болды.
Жобаға еріктілер, жастар, пенчак-силат спортшылары және қоғамдық ұйымдардың өкілдері де қосылды.
Жыл басынан бері Астанада 500-ден астам профилактикалық іс-шара өткізілген. Полиция өкілдері жаз мезгілінде жастарға қауіпсіздік мәселелері туралы түсінікті әрі заманауи форматта айтудың маңызы зор екенін атап өтті.
Жаңа пойыз «Астана – есірткісіз қала» жоспары аясындағы ауқымды жұмыстың бір бөлігіне айналып, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып жатыр.
#законипорядок #заңментәртіп