«Астана – есірткісіз қала»: елорданың Триатлон саябағында өткен спорт фестиваліне жүздеген адам қатысты

«Астана – есірткісіз қала»: елорданың Триатлон саябағында өткен спорт фестиваліне жүздеген адам қатысты

«Астана – есірткісіз қала» қалалық профилактикалық акциясы аясында елорданың Триатлон саябағында Sport Fest спорт фестивалі өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Қатысушылар үшін топтық жаттығулар, спорттық эстафеталар, қол күресінен жарыстар, балаларға арналған ерекше іс-шаралар және баскетболдан шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Бағдарламаның басты шараларының бірі велошеру болды.

«Іс-шара салауатты өмір салтын насихаттауға және отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Біздің басты мақсатымыз – қала тұрғындарының басын қосып, балаларды, ата-аналарды және аға буын өкілдерін белсенді демалысқа, спортқа және бірге уақыт өткізуге тарту», – деді Winox фитнес директоры Александр Романец.

Оның айтуынша, жаз мезгілінде мұндай спорттық іс-шараларды тұрақты түрде, маусымына шамамен үш-төрт рет өткізуге тырысады.

Фестиваль қатысушыларының бірі де өз әсерімен бөлісті. Оның пікірінше, мұндай іс-шаралар қала тұрғындарына бос уақытын белсенді өткізуге мүмкіндік береді.

«Менің ойымша, мұндай іс-шараларды өткізу өте маңызды. Қазіргі уақытта осындай демалысқа тіпті екі сағат уақыт табудың өзі қиын. Жаз аяқталып келеді, сондықтан осындай шаралар көбірек ұйымдастырылса екен деймін», – деді ол.
Фестивальді Алматы ауданының әкімдігі Winox компаниясымен бірлесіп ұйымдастырды.