Астанада еріктілер қозғалысы қалай дамып жатыр

Астанада еріктілер қозғалысы қалай дамып жатыр

Соңғы жылдары Қазақстанда еріктілік азаматтық қоғамды дамытудың маңызды бағыттарының біріне айналды. Еріктілер әлеуметтік, экологиялық, гуманитарлық және мәдени жобаларға белсенді қатысып келеді. Ал мемлекет еріктілер қозғалысын қолдау шараларын кезең-кезеңімен кеңейтіп жатыр. Бұл бағытта көш бастап тұрған қалалардың бірі – Астана. Елордада еріктілер қозғалысының қалай дамып жатқаны туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының басшысы Шыңғыс Тілеулин, Еріктілердің ұлттық фронт-офисінің жетекшісі Айбек Досымбетов және «Ұлттық еріктілер желісі» заңды тұлғалар бірлестігі атқарушы директоры Татьяна Миронюк айтып берді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Бүгінде Астанада 50-ге жуық еріктілер ұйымы мен қозғалысы жұмыс істейді.

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының жанынан жетінші жыл қатарынан Қалалық еріктілер штабы жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда оның құрамында 8 мыңнан астам ерікті бар. Штаб ондаған еріктілер ұйымымен, бастамашыл топтармен, үкіметтік емес ұйымдармен, кәсіпорындармен және меценаттармен ынтымақтастық орнатқан.

2025-2026 жылдары еріктілермен бірлесіп BizBirgemiz, «Қауіпсіз қала», «Қамқорлық мекенжайлары», Taza Alem, Stop Vandal және басқа да жобалар аясында 1200-ден астам іс-шара өткізілді. Еріктілер мұқтаж жандарға азық-түлік пен ыстық ас таратып, қар күреу, экологиялық акциялар мен профилактикалық іс-шараларға қатысты. Сондай-ақ тыйым салынған заттарды жарнамалайтын жазуларды өшіріп, қауіпсіздік мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді.

Жыл сайын «Астана жастарының» еріктілері 150-ге дейін қалалық және халықаралық іс-шараға қатысып, Қазақстанды еріктілік мәдениеті дамыған мемлекет ретінде таныстырып келеді», – деді спикерлер.

Елордада еріктілер қозғалысын дамыту мақсатында Еріктілердің ұлттық фронт-офисіне, Халықаралық еріктілер орталығына және сегіз еріктілер ұйымына арнайы ғимараттар берілген. Орталық бүгінде Орталық Азия елдерімен, Әзірбайжанмен және Түркиямен ынтымақтастық орнатып, алдағы уақытта өңірлік еріктілер хабына айналуы тиіс.

Volunteer Fest 2025 сыйлығының қорытындысы бойынша 50 еріктілер ұйымы мен колледждердің 33 өкілі алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар Астананың төрт ұйымы «Жыл еріктісі» ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанды.

Қазіргі уақытта әлеуметтік қолдау, экология, денсаулық сақтау, білім беру, туризм және төтенше жағдайлардың салдарын жою бағыттарында түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ұлттық еріктілер желісі жыл сайын 60 мыңнан астам еріктіні біріктіріп, Мәдениет және ақпарат министрлігінің стратегиялық серіктесі болып саналады.

«Қазақстанда еріктілерді қолдаудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Ол еріктілер қозғалысын дамытудың алдағы бағыттарын айқындайды. Сонымен қатар еріктілік қызметтің Қазақстан Республикасы Конституциясында бекітілуі маңызды қадам болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы Тұрақты даму жолындағы халықаралық еріктілер жылын өткізуді қолдады. Бұл – Қазақстанның әлемдік еріктілер қозғалысын дамытуға қосқан үлесінің халықаралық деңгейде мойындалғанының көрінісі.

Бүгінде еріктілік – тек мұқтаж жандарға көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілікті, қоғамдық ынтымақтастықты және елдің тұрақты дамуын нығайтатын маңызды құрал», – деп қорытындылады спикерлер.