
Астанада Спорт күніне орай және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында спорттық-экологиялық іс-шара өтті. Мыңға жуық қала тұрғыны мен қонағы жаппай велошеруге қатысып, іс-шара соңында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қосылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны Нұра ауданының прокуратурасы Астана қаласының әкімдігімен, Дене шынықтыру және спорт басқармасымен және Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясымен бірлесіп ұйымдастырды.
Қатысушылар елорданың жасыл белдеуі аумағында жиналып, кейін ұзындығы 21 шақырым болатын бағытты жүріп өтті.
Ұйымдастырушылар экологиялық жауапкершілікке ерекше мән берді. Велошеру аяқталғаннан кейін велосипедшілер «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына қатысып, аумақтағы қоқысты жинап, табиғи аумақты ретке келтіруге атсалысты. Осылайша қатысушылар қоршаған ортаға қамқорлық әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын көрсетті.
Нұра ауданының прокуроры Райымбек Ұлықпановтың айтуынша, мұндай іс-шаралар заңға бағыну, өзара құрмет пен жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
«Заң мен тәртіп белгіленген ережелерді сақтаудан, өзгелерге құрметпен қараудан және өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қараудан басталады. Біз елорда тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті сақтауға, спортпен шұғылдануға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз», – деді ол.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan