
Халықаралық жастар күніне орай 12 тамызда Астанада ауқымды JASTAR DAY open air фестивалі өтеді. Бір алаңға қазақстандық эстраданың танымал өнерпаздары, жас орындаушылар мен мыңдаған көрермен жиналады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қонақтарға ерекше концерттік бағдарлама, хедлайнерлердің жанды дауыстағы өнері, заманауи музыкалық қойылымдар мен интерактивті бағдарламалар ұсынылады. Сондай-ақ жастар үшін өзекті тақырыптар бойынша танымал спикерлер сөз сөйлейді.
Фестивальдің білім беру бағдарламасы аясында лекторлар «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», жасанды интеллект, заманауи технологиялар, тұлғалық және кәсіби әлеуетті дамыту, азаматтық белсенділік пен жастар бастамалары тақырыптарында сөз қозғайды.
Фестиваль талантты жастарды қолдауға, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, белсенді өмір салтын, мәдениетті, азаматтық құндылықтар мен жастар бастамаларын насихаттауға бағытталған. Іс-шара Халықаралық жастар күнін мерекелеу аясында Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен өткізіледі.
Сахнада Ersultan Omar, Еркебұлан & Бауыржан, Iliyas Kabdyray, RICK, BAXA, Abzal Uteshov өнер көрсетеді.
Фестиваль Тұран даңғылы, 2/6 мекенжайында орналасқан жазғы амфитеатрда өтеді. Басталуы – сағат 17:00.
Фестивальге кіру тегін. Қатысу үшін Ticketon.kz платформасында билетті алдын ала рәсімдеу қажет.