
Жаз мезгілінде қалалық қызметтер мен экологтер Есіл өзені мен оның жағалау аумағын тазарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Оған балдырлар мен қоқысты тазарту, сондай-ақ заманауи биологиялық тазарту әдістерін қолдану кіреді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Мамандардың мәліметінше, биыл Есіл өзенінің жекелеген учаскелерінде судың гүлденуі көпжылдық көрсеткіштерден асып түскен. Бұған ауа температурасының қалыптан тыс жоғары болуы мен су деңгейінің төмендеуі негізгі себеп болып отыр.
Өзеннің жағдайына сыртқы факторлар да әсер етеді. Су сапасы қатты ағыста орналасқан тұстардағы жағдайға да байланысты.
Бұдан бөлек, азот пен фосфор қосылыстары сияқты биогендік заттар, сондай-ақ органикалық ластағыштар қосымша салмақ түсіреді.
Сарапшылардың айтуынша, Есіл өзені мен оның Сарыбұлақ және Ақбұлақ жылғаларына рұқсатсыз ағынды сулардың төгілу ықтималдығын да толық жоққа шығаруға болмайды. Бұл факторлардың барлығы балдырдың қарқынды көбеюіне ықпал етеді.
Жағдайды жедел бақылау үшін бейінді мекемелер Астана қаласының Экология департаментімен бірлесіп, проблемалы учаскелерге тұрақты түрде тексеру жүргізіп, су сынамаларын алады.
Зертханалық зерттеу нәтижелері негізінде мамандар су айдынының қазіргі жай-күйін бағалайды.
Өзен акваториясында күн сайын санитарлық тазалау жұмысы жүргізіледі. Қамыс шабатын техникалар, су өсімдіктерін жинауға арналған арнайы понтондар мен жүзу құралдары балдырлар көп жиналған учаскелерді тазарту үшін пайдаланылады. Әсіресе жағалау бойындағы халық көп демалатын орындарға ерекше назар аударылады. Сонымен қатар жағалау аумағы тұрақты түрде тазартылып отырады.
Су айналымы баяу, тұрып қалған учаскелерде жасыл микробалдыр – хлорелла суспензиясын қолдану жоспарланып отыр.
Бұл әдіс химиялық заттарды қолдануға экологиялық тұрғыдан қауіпсіз балама ретінде қарастырылады. Хлорелла азот пен фосфор қосылыстарын – көк-жасыл балдырлардың көбеюіне ықпал ететін қоректік заттарды белсенді түрде сіңіреді. Соның нәтижесінде олардың өсуін тежеп, су айдынындағы табиғи биологиялық тепе-теңдіктің қалпына келуіне ықпал етеді.
Фотосинтез процесі кезінде хлорелла суды оттегімен байытып, балықтар мен басқа да су жануарлары үшін қолайлы орта қалыптастырады. Сондай-ақ судың табиғи жолмен өздігінен тазаруына әсер етеді.
Мамандардың айтуынша, қолданылатын хлорелла суспензиясы улы емес әрі су экожүйесіне, оның ішінде балықтарға, құстарға және су өсімдіктеріне қауіпсіз.
Экологтар хлорелланы қолданудың нәтижесі бірден байқалмайтынын атап өтті.
Биологиялық тепе-теңдіктің қалпына келуі белгілі бір уақытты қажет етеді, ал алғашқы нәтижелер суспензия енгізілгеннен кейін бірнеше аптадан соң көріне бастайды.