Астанада адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация жалғасуда: елорданың бас санитар дәрігері ата-аналарға үндеу жасады

Астанада адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация жалғасуда: елорданың бас санитар дәрігері ата-аналарға үндеу жасады

Астанада 2024 жылғы қыркүйектен бастап Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесі аясында 11-13 жас аралығындағы қыздарға адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы жоспарлы вакцинация жүргізіліп келеді. Иммундау алты ай аралықпен екі кезеңде орындалады. Вакцинацияның маңызы мен атқарылып жатқан жұмыс туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елорданың Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева мен Астана қаласы әкімдігінің №13 қалалық емханасының директоры, акушер-гинеколог дәрігер, профессор Жанерке Ажетова айтып берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Вакцинация үшін АҚШ-та өндірілген төртвалентті «Гардасил» вакцинасы қолданылады. Препарат алты ай аралықпен екі кезеңде егіледі. Спикердің мәліметінше, бүгінде АПВ-ға қарсы вакцинаның бірінші дозасын 11-13 жас аралығындағы 17 567 қыз, ал екінші дозасын 10 652 қыз алған.

«Биылғы 18 мамырдан бастап 14-18 жас аралығындағы қыздарды адам папилломасы вирусына қарсы «Гардасил» вакцинасымен қосымша жоспарлы вакцинациялау науқаны басталды. Вакцинация 0-2-6 ай схемасы бойынша үш кезеңде жүргізіледі. Қазіргі таңда бірінші дозаны 14-17 жас аралығындағы 708 қыз, екінші дозаны 52 қыз алды.

Вакцинацияның негізгі мақсаты – әйелдер арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі – жатыр мойны обырының алдын алу. Вакцина АПВ-ның 6, 11, 16 және 18 типтерінен, оның ішінде онкогендік қаупі жоғары 16 және 18 типтерінен қорғайды.

АПВ инфекциясы – Қазақстандағы әйелдер арасында онкологиялық аурулар құрылымында екінші орында тұрған жатыр мойны обырының негізгі себебі.

АПВ-ға қарсы вакцина құрамында тірі вирус жоқ, сондықтан ол инфекция жұқтыруға себеп болмайды.

Иммундаудан кейін екпе салынған жерде қызару немесе дене қызуының аздап көтерілуі сияқты қысқа мерзімді реакциялар болуы мүмкін. Бұл – күтілетін әрі қауіпсіз құбылыстар. Вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі халықаралық зерттеулермен дәлелденген.

АПВ-ға қарсы вакцина бедеулікке әкелмейді. Керісінше, оның мақсаты – репродуктивтік ағзаларды онкологиялық аурулардан қорғау. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының зерттеулері мен ресми статистикасына сәйкес, 2013-2015 жылдары жүргізілген пилоттық вакцинация бағдарламасы аясында екпе алған 131 әйелдің кейінгі он жыл ішінде дені сау бір немесе екі баласы дүниеге келген», – деді Айгүл Шағалтаева.

Уақытылы вакцинация вирусты жұқтырғанға дейін иммунитет қалыптастырып, аурудың даму қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.

АПВ-ға қарсы тегін вакцинация – қыз балалардың денсаулығын сақтауға және болашақта жатыр мойны обырының алдын алуға бағытталған маңызды мемлекеттік кепілдік.
Қазіргі уақытта адам папилломасы вирусының онкогендік және онкогендік емес тоғыз типінен (6, 11, 16, 18, 31, 33, 45, 52 және 58) қорғайтын «Гардасил 9» тоғызвалентті вакцинасын сатып алу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Алдағы уақытта АПВ-ға қарсы вакцинация бағдарламасына ұл балаларды да енгізу жоспарланып отыр.
«АПВ-ға қарсы вакцинация – жатыр мойны обырымен күрестегі стратегиялық маңызы бар қадам. Ол болашақ ұрпақ әйелдерінің денсаулығын сақтауға, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді азайтуға ықпал етеді және тиімді профилактиканың айқын үлгісі болып саналады», – деді Жанерке Әжетова.