
Астана қаласының №39 «Меруерт» балабақшасында «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының» ұйымдастыруымен «Назар аударыңыз, балалар!» жол қауіпсіздігі апталығы қорытындыланды. «Заң мен тәртіп» аясында өткен шараға ата-аналар, тәрбиеленушілер, әдіскерлер мен инспекторлар қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Балабақша тәрбиеленушілеріне жол қозғалысы ережелері түсіндірілді. Балалар ата-аналарымен бірге қауіпсіздік шарасына қатысып, жол жүру мәдениетін үйренді. Жас бүлдіршіндер әсерлі флешмоб орындап, ата-аналарымен бірге жол белгілеріне арналған қызықты викториналар мен эстафеталық ойындарға қатысты. Патрульдік полиция инспекторлары балалармен кездесіп, жолдағы қауіпсіздік ережелерін қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндіріп, олардың сұрақтарына жауап берді.
«Балаларға жол жүру ережелері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар 3Д макет көрмелері ұйымдастырылды. Бүлдіршіндер жол қозғалысы ережелерін ойын, шығармашылық тапсырмалар және тәжірибелік іс-әрекеттер арқылы меңгеріп, өз білімдерін қорытынды шарада сәтті көрсетті.
Іс-шара балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы балабақша, ата-ана және құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысының маңызын тағы бір мәрте айқындады», – деді Астана қаласы әкімдігінің №39 «Меруерт» балабақшасының меңгерушісі Құндыз Көшен.
Балалардың қатысуымен «Біз тәртіпті қолдаймыз!» атты флешмоб, ата-аналар мен балаларға арналған «Біз жол белгілерін білеміз!» интерактивті отбасылық эстафетасы, жол қозғалысы ережелеріне қатысты викториналар мен танымдық ойындар өткізілді. Патрульдік полиция инспекторы балаларға көшедегі қауіпсіздік талаптарын толық түсіндіріп, танымдық ақпаратпен бөлісті.
#законипорядок #заңментәртіп