
Comic Con Astana 2026 халықаралық фестивалінің алғашқы күні келушілер саны бойынша жаңа рекорд орнатты. Фестивальдің алғашқы күнінде шамамен 16 мың адам қонақ болды. Бұл – фестиваль тарихындағы алғашқы күн бойынша ең жоғары көрсеткіш. Осылайша Comic Con Astana Орталық Азиядағы гик-мәдениет саласындағы ең ірі іс-шаралардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Таңертеңнен бастап фестиваль алаңдарында қызу атмосфера орнады. Бір мезгілде негізгі сахна, тақырыптық аймақтар, ойын және интерактивті алаңдар жұмыс істеді. Қонақтар үшін концерттер, би шоулары, арнайы шақырылған жұлдыздармен кездесулер, байқаулар, таныстырылымдар және басқа да ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды.
Comic Con Astana 2026 фестивалінің басты хедлайнерлері – әлемге танымал актерлер Николай Костер-Вальдау, Пол Андерсон, Иньяки Годой және Таз Скайлар. Фестивальдің алғашқы күні Николай Костер-Вальдаудың қатысуымен баспасөз мәслихаты мен қолтаңба тарату рәсімі өтіп, жанкүйерлердің үлкен қызығушылығын тудырды.
Журналистермен кездесуде актер Астанаға алғаш рет келгенін айтып, фестивальдің ауқымына, елорда тұрғындарының ыстық ықыласы мен қонақжайлығына тәнті болғанын жеткізді. Әзіл ретінде ол бір күннің ішінде соңғы бірнеше жылда жегенінен де көп ет тағамдарынан дәм татқанын айтты. Сондай-ақ Николай Костер-Вальдау қазақтың дәстүрлі моншасына барып, «Бәйтерек» монументіне көтеріліп, тілек тіледі.
Фестивальдің құрметті қонағы қатарында әлемге әйгілі косплейерлер – Kamui Cosplay, Leon Chiro және Elizabeth Rage болды. Comic Con Astana аясында келушілер фестивальдің барлық күнінде танымал блогерлер мен контент жасаушылар SuperCrastan (Даня Крастер), Jane Kravitz, Karrambaby, Dobryak, Dalbek, FixEye, Nowkie, Егор Шкред, Кирилл Соеров, Domer Grief және Ten Yujin-мен кездесе алады.
Келушілердің ерекше қызығушылығын ойын аймақтары тудырды. Мұнда олар ойын индустриясындағы жаңа өнімдерді сынап көріп, заманауи технологиялармен танысып, шеберлік сабақтарына қатысып, фестиваль жәрмеңкесінен арнайы тақырыптағы өнімдерді сатып алды.
Алғашқы күннің ең жарқын оқиғаларының бірі дәстүрлі косплей байқауы болды. Фестиваль алаңдарында танымал фильмдер, сериалдар, аниме, комикстер мен бейнеойындар кейіпкерлерінің ондаған образын көруге мүмкіндік туды. Көптеген қатысушы костюмдерін өз қолымен әзірлеп, дайындап, шеберліктің, ұқыптылықтың және шығармашылық көзқарастың жоғары деңгейін көрсетті.
Биыл Comic Con Astana фестивалі әлемнің 20-дан астам елінен келген қонақтардың, туристердің, қатысушылардың және арнайы меймандардың басын қосты.
Comic Con Astana 2026 фестивалі 9 тамызға дейін жалғасады. Алда келушілерді әлемдік кино және косплей жұлдыздарымен кездесулер, қолтаңба сессиялары, жаңа шоу-бағдарламалар, байқаулар және басқа да көптеген іс-шаралар күтіп тұр.