
Comic Con Astana 2026 фестивалінің алғашқы күні кино, аниме, комикс, видеоойын және косплей жанкүйерлерін бір алаңға жинады. Қонақтарды концерттік бағдарлама, арнайы тақырыптағы аймақтар, интерактивті алаңдар, шеберлік сабақтары мен арнайы шақырылған әлемдік жұлдыздармен кездесулер күтіп алды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Күні бойы сахналарда музыкалық және би қойылымдары, танымал тұлғалармен ашық сұхбаттар, сондай-ақ фестиваль қатысушыларына арналған байқау бағдарламалары өтті.
Сонымен қатар келушілер заманауи поп-мәдениеттің түрлі бағыттарына арналған ондаған тақырыптық алаңмен таныса алды.
Қонақтардың ерекше қызығушылығын ойын аймақтары тудырды. Онда келушілер заманауи бейнеойындарды сынап көріп, түрлі интерактивке қатысты.
Бұдан бөлек, фестиваль қонақтарына тақырыптық фотоаймақтар, тарихи қару-жарақ пен реквизиттердің көрме экспозициялары, сондай-ақ инновациялық ойын технологиялары ұсынылған алаңдар ұйымдастырылды.
Comic Con аумағында түрлі бағыт бойынша шеберлік сабақтары да өтті. Қонақтар сахналық грим жасаудың қыр-сырын меңгеріп, самурай қылышын қолдану бойынша сабақтарды тамашалап, өзге де тақырыптық іс-шараларға белсене қатысты. Фестиваль аясындағы маркет те көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Онда тақырыптық мерч, кәдесыйлар мен поп-мәдениет жанкүйерлеріне арналған түрлі тауарлар ұсынылды.
Comic Con фестивалінің ажырамас бөлігі – косплей. Келушілер танымал фильмдер, сериалдар, аниме және бейнеойын кейіпкерлерінің образындағы қатысушылармен суретке түсті. Биыл қонақтардың назарын ерекше әрі тың үлгіде жасалған, көбісі толықтай қолдан тігілген костюмдер аударды.
Фестиваль қонақтарының бірі Ясмин Comic Con-ға музыкалық қойылыммен өнер көрсеткен құрбысы Маргаритамен бірге келген. Маргарита сахнада Помафленк лақап атымен өнер көрсетті. Ясминнің айтуынша, бұл фестиваль – әр адам өзін еркін сезініп, пікірлес жандарды таба алатын ерекше орта.
«Мен үшін алғашқы күн керемет өтті. Өзімді дәл осы жерде үйімдегідей сезіндім, ниеттес жандарымды таптым.
Мұнда ешкім сені белгілі бір қалыпқа салмайды – өзің болып, еркін араласып, суретке түсіп, атмосферадан ләззат аласың. Әсіресе, биыл ерекше косплейлердің өте көп болғаны қуантты», – деді Ясмин.
Маргаританың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда фестиваль бағдарламасы биыл әлдеқайда мазмұнды.
«Мен Comic Con-ға былтыр да келгенмін, сондықтан салыстыра аламын. Биыл түрлі белсенділік пен іс-шаралар айтарлықтай көбейген. Сахна мен бағдарлама қатты ұнады.
Әлі барлық тақырыптық аймақты аралап үлгерген жоқпын, бірақ міндетті түрде шеберлік сабақтарына және Камуидің қолтаңба сессиясына барғым келеді», – деді Маргарита.
Фестивальдің тағы бір қатысушысы Даниеланың пікірінше, Comic Con-ның басты ерекшеліктерінің бірі – ортақ қызығушылығы бар адамдармен танысу мүмкіндігі.
«Маған қойылымдар, әдемі косплейлер, шақырылған қонақтар және кең ауқымды маркет өте ұнады. Мұнда өзің сияқты қызығушылығы бар адамдарды кездестіріп, жаңа достар тауып, үлкен қауымдастықтың бір бөлшегі екеніңді сезінесің», – деді ол.
Comic Con Astana 2026 фестивалі 9 тамызға дейін жалғасады. Алдағы күндері қонақтарға арнап жаңа концерттік бағдарламалар, қолтаңба сессиялары, халықаралық хедлайнерлермен кездесулер, байқаулар мен ондаған тақырыптық алаң ұйымдастырылады.