
Comic Con Astana 2026 халықаралық фестивалі алаңында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Заң мен тәртіп» профилактикалық акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Фестиваль қонақтарына Тәртіпбек пен Тазабек маскоттары құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қозғалысы ережелерін сақтау және кибералаяқтықтан қорғану тақырыптарына арналған ақпараттық брошюралар таратты.
Акцияны қала прокуратурасы мен елорда әкімдігі ұйымдастырды.
Фестиваль қатысушыларының назары құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қозғалысы ережелерін сақтау және кибералаяқтықтан қорғану мәселелеріне аударылды.
«Фестиваль жыл сайын мыңдаған жас пен жасөспірімді жинайды. Сондықтан дәл осы аудитория профилактикалық жұмыстың негізгі нысаналы тобына айналды», – деді Астана қаласы прокуратурасы басқармасының прокуроры Ақжол Сәтілда.
Оның айтуынша, осындай іс-шараларды жастар көп жиналатын ірі алаңдарда өткізу қауіпсіздік пен құқықтық мәдениетке қатысты маңызды мәселелерді жастарға қарапайым әрі түсінікті түрде жеткізуге мүмкіндік береді.
«Астана қаласының прокуратурасы жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді құралы ретінде бейресми қоғамдық алаңдарда осындай форматтағы кездесулер өткізуді жалғастырады», – деп атап өтті прокурор.
#законипорядок #заңментәртіп