
Астанадағы Орталық саябақта ауқымды Grand Tour Biathlon балалар жобасының бесінші, қорытынды кезеңі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Турнир Қазақстан биатлоншылар одағының қолдауымен ұйымдастырылды және жоба тарихындағы ең ауқымды жарыс ретінде танылды. Сайысқа еліміздің биатлон спорты дамып жатқан 12 өңірінен келген 197 жас спортшы қатысты.
Жарыс таңертең басталып, бірнеше сағат бойы жас спортшылар төзімділіктерін, шаңғы тебудегі шеберліктерін және нысана көздеудегі дәлдіктерін көрсетті. Жарыс күнінің қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шара аясында ұйымдастырылған арнайы фан-аймақта қонақтар лазерлік мылтықпен атуда бағын сынап, балалар мен ересектерге арналған ойын-сауық бағдарламаларына қатысып, тақырыптық фотоаймақта естелік суретке түсті.
Ұйымдастырушылар жас спортшылардың дайындық деңгейіне жоғары баға беріп, Grand Tour Biathlon жобасының финалы қазақстандық спорттың халықаралық аренадағы болашақ жетістіктеріне берік негіз қалайтынына сенім білдірді.