Астанада атпен жолға шыққан ер адам жауапқа тартылды

Астанада атпен жолға шыққан ер адам жауапқа тартылды

Астанада әлеуметтік желіге бейнеролик түсіру үшін атпен автомобиль жолы мен тротуарда жүрген 35 жастағы ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

35 жастағы ер адам елордадағы ойын-сауық орындарының біріне бейнеролик түсіру мақсатында атпен автомобиль жолымен және жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлармен жүріп, жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтірген.

Кейін «Бәйтерек» монументі маңына қарай бет алған кезде, жол қиылыстарының бірінде жылқы тротуарды ластап, жасыл желектерге зақым келтірген. Осылайша абаттандыру саласындағы заңнама талаптары бұзылған.

Аталған екі құқық бұзушылық фактісі бойынша ер адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Астана қаласының Полиция департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға, айналасындағылардың құқықтарын құрметтеуге және жол қозғалысының басқа қатысушылары мен жаяу жүргіншілерге қолайсыздық немесе қауіп төндіретін әрекеттерге жол бермеуге шақырады.