
10 тамызда Қазақстанда ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлы күні аталып өтеді. Осы датаға орай Астанада әдеби-музыкалық кештерді, форумдарды, кітап көрмелерін, театр қойылымдарын, шығармашылық байқауларды, зияткерлік ойындарды және өзге де іс-шараларды қамтитын ауқымды мәдени-ағартушылық бағдарлама әзірленді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мерекелік іс-шаралар елорданың түрлі алаңдарында өтеді және Абайдың әдеби, музыкалық әрі рухани мұрасын насихаттауға, сондай-ақ өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулуға бағытталған.
6 тамыз күні сағат 10:00-де Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында «Жүрегімнің түбіне терең бойла…» атты әдеби-музыкалық кеш өтеді. Іс-шара барысында «Абайтану» ғылыми-ағартушылық орталығының жетекшісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алмахан Мұхаметқалиқызы Абай мұрасының рухани маңызы туралы айтып, ақын шығармашылығына қатысты қызықты деректермен бөліседі.
Әдеби бағдарлама аясында мектептің ұстаздары мен оқушылары Абай әндерін орындап, өлеңдері мен қара сөздерін оқиды.
Осы уақытта Тәттімбет атындағы №1 балалар өнер мектебінде «Көңілім әнді ұғады» шығармашылық алаңы жұмыс істейді. Іс-шара аясында өнер мектебінің дарынды оқушыларына Абай Құнанбайұлының мәдени және шығармашылық мұрасы таныстырылып, оның музыкалық шығармаларының мәні мен ұлттық мәдениеттегі орны түсіндіріледі.
Сондай-ақ сағат 10:00-де «Арқа Alan» ұлттық спорт түрлерін дамыту орталығында тоғызқұмалақтан «Арқа Alan кубогы» қалалық турнирі өтеді. Ал сағат 12:00-де №6 көпшілік кітапханада «Абайдың тылсым жолдары» атты поэзия сағаты ұйымдастырылады.
7 тамызда Р. Қошқарбаев даңғылы, 50 мекенжайындағы «Руханият» орталығында курс тыңдаушыларына ақынның қара сөздері мен өсиеттерін насихаттауға арналған «Абай әлемі» атты дөңгелек үстел өтеді. Осы күні Ш. Қосшығұлұлы көшесі, 8/1 мекенжайындағы «Руханият» орталығында «Ұрпаққа өнеге» тақырыбында Абай өлеңдерін талдау сабағы ұйымдастырылады.
Сағат 11:00-де №10 көпшілік кітапханада «Абай – ұлттың рухани темірқазығы» атты мәнерлеп оқу кеші өтеді. Сонымен қатар сағат 12:00-де №3 көпшілік кітапханада «Ұлы Абайдың әдеби мұрасы» атты кітап көрмесі ашылады. Осы уақытта №3 балалар кітапханасында «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты поэзия сағаты өтеді.
7-9 тамыз аралығында елордалық Арбатта «Әнді сүйсең, менше сүй» атты қазақ тіліндегі караоке ұйымдастырылады: 7 тамызда басталуы – сағат 20:00-де, 8 және 9 тамызда – сағат 19:00-де. Іс-шара барысында Абайдың әндері шырқалады.
8 тамыз күні сағат 12:00-де №6 балалар кітапханасында «Абай әлеміне саяхат» атты өлеңдерді мәнерлеп оқу іс-шарасы өтеді.
Осы күні сағат 18:00-де «Жетісу» саябағында Абай күніне арналған зияткерлік-ақпараттық акция ұйымдастырылады. Қатысушылар өз білімдерін сынап, қызықты викторинаға қатысып, қазақтың мақал-мәтелдерін білу деңгейін көрсетеді.
10 тамыз күні сағат 09:00-де Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.
Сол күні сағат 10:30-да Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Сөз өнері.
Жасампаз жас қалам» атты жас жазушылардың республикалық форумы ұйымдастырылады. Форумға аға буын қаламгерлер, әдебиет сыншылары, әдебиеттанушы ғалымдар, сондай-ақ Астана, Алматы, Ұлытау және Қарағанды облыстарынан келген жас ақындар мен жазушылар қатысады.
Сондай-ақ сағат 11:00-де №5 балалар кітапханасында «Қара сөзден ой түйген дана Абай» атты оқу кеші өтеді. Ал сағат 17:00-де қала әкімдігі алдындағы амфитеатрда «Желсіз түнде жарық ай» атты әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылады. Іс-шара аясында елорда тұрғындары мен қонақтары үшін ашық микрофон және ұлттық ойындардан турнирлер өткізіледі. Кеш барысында ұлы ойшылдың өлеңдері мен әндері дәстүрлі және заманауи үлгіде орындалады.
14 тамызда «Руханият» орталығында «Абай лирикасындағы табиғат» тақырыбында ашық сабақ өтеді. Сабақ барысында тыңдаушылардың сөздік қорын Абайдың «Жаз», «Күз», «Қыс» және «Жазғытұры» өлеңдері негізінде дамыту көзделген.
Сондай-ақ 18 тамыз күні Бейбітшілік көшесі, 9 мекенжайында «Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасы және рухани әлемі» атты ашық сабақ ұйымдастырылады.
2026 жылдың соңына дейін елорда тұрғындары мен қонақтары Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған театр қойылымдарын тамашалай алады.
«Қанаттылар» инклюзивті театрында «Abai-La» драмалық спектаклі, Жас көрерменнің музыкалық театрында «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы, ал Ә. Мәмбетов атындағы драма және комедия театрында «Жас Абай» және «45» спектакльдері сахналанады.