«Заң мен тәртіп»: елордалық балабақшада бүлдіршіндерге жол қозғалысы ережелері ойын арқылы түсіндірілді

«Заң мен тәртіп»: елордалық балабақшада бүлдіршіндерге жол қозғалысы ережелері ойын арқылы түсіндірілді

«Абайлаңыз, балалар!» атты дәстүрлі жол қозғалысы ережелері апталығы аясында елордадағы №83 «Жансая» балабақшасында «Жол қозғалысы ережелерінің тарихы» атты театрландырылған танымдық іс-шара өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараны Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы мектепке дейінгі білім беру ұйымының әкімшілігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Оған 2 мен 5 жас аралығындағы балалар, тәрбиешілер, мамандар, сондай-ақ Сарайшық ауданы патрульдік полиция инспекторлары қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – мектепке дейінгі жастағы балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу, жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру және «Заң мен тәртіп» қағидатына құрметпен қарауға тәрбиелеу.

Іс-шара бағдарламасы ойын және театрландырылған форматта ұйымдастырылып, оқыту үдерісін ең кішкентай қатысушылар үшін қызықты, қолжетімді әрі түсінікті етті. Балалар жол қозғалысы ережелерін сақтамағандықтан түрлі қауіпті жағдайларға тап болған орман тұрғындары туралы ертегіні тамашалады.

Ертегі кейіпкерлерімен бірге тәрбиеленушілер жіберілген қателіктерді талдап, дұрыс шешімдерді ұсынып, жолда жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін өзін қалай ұстау керектігін түсіндірді.
Балалардың ерекше қызығушылығын жас жол сақшыларының рөлі тудырды.

Олар ертегі кейіпкерлеріне жолдағы жағдайларды дұрыс түсінуге, тәртіпті қалпына келтіруге және жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңызын еске салуға көмектесті.

Іс-шараның тәжірибелік бөлімі командалық жарыс форматында өтті. Қатысушылар төрт командаға бөлініп, бірнеше тақырыптық бекетте тапсырмалар орындады. Сынақ барысында балалар бағдаршамның түстерін дұрыс құрастырып орналастырды, жол белгілерінің мағынасын анықтады, жаяу жүргіншілер өткелінен қауіпсіз өтуді көрсетті, кедергілерден өтті, алғашқы медициналық көмектің қарапайым дағдыларымен танысты, сондай-ақ жол қозғалысына қатысты түрлі жағдайдағы тапсырмаларды шешті.

Әр кезеңде педагогтер мен патрульдік полиция қызметкерлері балаларға жол қозғалысы ережелерінің маңызын қарапайым тілмен түсіндіріп, олардың сұрақтарына жауап беріп, өмірден мысалдар келтірді.

Осындай өзара іс-қимылдың арқасында балалар бұрын алған білімдерін бекітіп қана қоймай, көптеген жаңа әрі пайдалы мәлімет алды.

Байқау барысында тәрбиеленушілер жол қозғалысы ережелерін жақсы меңгергенін, ұқыптылығын, тапқырлығын, ұйымшылдығын және командада жұмыс істей алатынын көрсетті. Балалар тапсырмаларды қызығушылықпен орындап, бір-біріне қолдау білдіріп, бағдарламаның барлық кезеңіне белсенді қатысты.

Іс-шара соңында барлық қатысушыға «Жас жол сақшысы» сертификаттары мен естелік сыйлықтар табысталды. Патрульдік полиция инспекторлары балаларды сынақтардан сәтті өткендерімен құттықтап, танымдық іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған педагогтерге алғыс айтты.

#законипорядок #заңментәртіп