
Дүниежүзілік емізуді қолдау апталығы аясында елордалық №6 емханада ауқымды ақпараттық-танымдық іс-шара өтті. Онда болашақ аналарға жаңа туған нәрестеге дұрыс күтім жасаудың қыр-сыры түсіндірілді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Кездесу бағдарламасы табиғи емізудің биологиялық негіздерінен бастап, ана мен сәби арасындағы психологиялық байланыстың нәзік қырларына дейінгі мәселелерді барынша кең қамтитындай етіп әзірленді.
Іс-шара барысында тәжірибелі мамандар мен дәрігерлер көп жылғы тәжірибесінде жинақтаған құнды білімдерімен бөлісті. Жиналғандардың алдында Патронаж қызметінің әмбебап-прогрессивті моделі (ПҚӘПМ) және Балалар ауруларын ықпалдастыра жүргізу (БАЫЖ) бағдарламасының үйлестірушісі Татьяна Витальева, сондай-ақ емхананың жетекші педиатр дәрігерлері құттықтау сөз сөйлеп, сараптамалық баяндамалар жасады. Қатысушылар сәбиді дұрыс емізу тәсілдері, туындауы мүмкін қиындықтардың алдын алу жолдары және халықаралық заманауи ұсынымдар туралы алғашқы дереккөзден ақпарат алды. Кездесу соңында сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылып, әрбір болашақ ана өз сауалдарына жан-жақты кәсіби жауап алды.
«Омыраумен емізу – баланы ана сүтімен табиғи жолмен тамақтандыру. Ана сүті – сәби үшін ең пайдалы тағам, өйткені оның құрамы өсіп келе жатқан ағзаның барлық қажеттілігіне толық сай келеді. Ана сүті арқылы бала ағза құрылысына қажетті ақуыздарды, қуат көзі саналатын майлар мен көмірсуларды, сондай-ақ барлық қажетті дәрумендер мен микроэлементтерді алады.
Табиғи емізу сәбидің тағамдық қажеттілігін толық өтеп қана қоймай, оның танымдық дамуына тікелей ықпал етеді, иммунитетін нығайтады, ішек микрофлорасының дұрыс қалыптасуына көмектеседі, сондай-ақ аллергиялық аурулар мен ішек инфекцияларының даму қаупін едәуір төмендетеді.
Бұдан бөлек, емізу әйелдің денсаулығы үшін де аса маңызды. Ол болашақта сүт безі мен аналық без обырының алдын алуға, босанғаннан кейінгі күйзеліс қаупін азайтуға және ана мен бала арасында берік эмоционалдық байланысты қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл байланыс баланың кейінгі өміріне де оң әсерін тигізеді. Жас аналарға ана сүтінің құндылығы мен бірегейлігі туралы жан-жақты ақпарат бере отырып, біз олардың саналы әрі дұрыс таңдау жасауына мүмкіндік береміз», – деді Татьяна Витальева.