
Тазалықтың символы Тазабек Астанадағы балабақшалардың біріне барып, экологиялық іс-шара аясында тәрбиеленушілермен бірге танымал селфи-трендке қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Түсірілім барысында Тазабек балалардың қасына кадрға күтпеген жерден шығып отырған. Ерекше формат бүлдіршіндердің ерекше қызығушылығын оятып, оларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Іс-шара бағдарламасына тәрбиеленушілердің ата-аналары ұйымдастырған «Бақша өнімдері» табиғи өнімдерінің қайырымдылық жәрмеңкесі мен қайта өңделген материалдардан жасалған бұйымдардың «Қалдықтан құндылыққа» көрмесі де енді.
Іс-шара ерекше көңіл күйде өтті. Ойын түрінде балаларға тазалық сақтаудың, табиғатқа ұқыпты қараудың, қалдықтарға жауапкершілікпен қараудың және жануарларға қамқорлық жасаудың маңызы түсіндірілді.