
Астана қаласында бүгінде 540 мыңнан астам бала тұрады. Жыл сайын балалар саны 20 мыңнан астам балаға артып отыр. Осыған байланысты балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отбасыларды қолдау мәселелері қалалық әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі болып тұр. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Серік Әділбай мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Оның айтуынша, Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы өз жұмысын мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырады: балалардың негізгі құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау; құқық бұзушылықтардың алдын алу және ерте анықтау; бұзылған құқықтарды қалпына келтіру және қорғау; кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық және қамқоршылық функцияларын орындау; балалар мен отбасыларға көмек көрсетуді ұйымдастыру; мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуымен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізу.
Басқарма балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы шеңберінде балалардың қауіпсіздігіне, сапалы білім алуына, денсаулығын сақтауға, отбасында тәрбиеленуіне және әлеуметтік қорғалуына бағытталған 83 іс-шараны қамтитын жоспарды іске асыруда.
«Балалардың құқықтарын қорғау бойынша кешенді жұмыстарды тиімді жүргізу мақсатында Басқарма мемлекеттік органдармен, құқық қорғау органдарымен және басқа да мүдделі ұйымдармен тығыз әрі үйлесімді жұмыс жүргізеді. Қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды анықтау кезінде мемлекеттік және құқық қорғау органдарының ден қою алгоритмі бекітілген. Осы алгоритм аясында 2026 жылдың басынан бері 350-ден астам бірлескен шығу ұйымдастырылған.
Сүйемелдеуді қажет ететін балалар мен отбасылардың дерекқоры қалыптастырылып, оған 3 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала енгізілді. Бұл санатқа: кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралған балалар, Отбасын қолдау орталығы мен Психологиялық қолдау орталығының сүйемелдеуіндегі балалар, ата-аналары тәрбиелеу, оқыту және асырау міндеттерін орындамайтын отбасылардағы балалар, мобильді топтар анықтаған отбасылардағы балалар, құқықтарының бұзылуына байланысты бұрын баланың құқықтарын қорғау функцияларын жүзеге асыратын ұйымдарда болған балалар, білім беру ұйымдарының педагог-психологтары мен әлеуметтік педагогтерінің бақылауындағы тәуекел тобындағы балалар кіреді.
Ведомствоаралық сүйемелдеудің тиімділігін арттыру мақсатында тәуекел тобындағы балалар мен отбасыларды есепке алу және сүйемелдеудің бірыңғай цифрлық платформасы пилоттық режимде іске қосылды. Бұл жүйе мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасуды жеделдетуге және әрбір отбасыға көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – дейді Серік Әділбаев.
Балалардың жарақаттануы мен жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында кең көлемді профилактикалық жұмыстар жүргізілген.
10 мыңнан астам ата-ана түсіндіру жұмыстарымен қамтылған. Тұрғын үйдің қауіпсіздігін тексеруге арналған ата-аналарға арналған чек-парақтар және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ақпараттық жадынамалар дайындалған. Еңбек ұжымдарында балалардың қауіпсіздігі мәселелеріне арналған бесминуттық түсіндіру жұмыстарын өткізу бастамасы көтерілді. Қауіпсіздік қағидалары бойынша профилактикалық мультипликациялық бейнероликтер дайындалды.
«Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең алдымен ата-аналардың міндеті екенін еске салады. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мынадай қарапайым, бірақ маңызды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау ұсынылады: балаларды қараусыз қалдырмау, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнату, балалардың жабдықталмаған жерлерде суға түсуіне жол бермеу, балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу», – деп сөзін қорытындылады.