Елордада балалардың терезеден құлауының алдын алуға арналған маңызды шара өтіп жатыр

Елордада балалардың терезеден құлауының алдын алуға арналған маңызды шара өтіп жатыр

Астанада балалардың терезеден құлау қаупін азайту үшін баласы бар отбасылардың үйлеріне мыңға жуық арнайы шектеуіш орнатылып жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Қауіпсіз терезе» шарасын қалалық Төтенше жағдайлар департаменті полиция және еріктілермен бірлесіп өткізіп жатыр. Арнайы топтар алдын ала жасалған тізім бойынша көпқабатты үйлерді аралап, терезенің толық ашылуына жол бермейтін құрылғыларды орнатады.

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің инженері Әли Арғынбаевтың айтуынша, күн жылынған кезде балалардың терезеден құлау қаупі күшейеді. Қала аудандарына бөлінген жедел топтар аз уақытта мүмкіндігінше көп үйді қамтуды көздейді.

«Қазіргі таңда бізде қала бойынша орнатылатын мыңға жуық блокиратор бар. Алайда бұл жұмыс мұнымен тоқтамайды, қамту ауқымын кеңейтуді жалғастырамыз. Өткен жылы да осындай іс-шаралар өткізілген болатын және бұл жұмысты жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жалғастырамыз», – деп түсіндірді Әли Арғынбаев.

Мамандар ата-аналарға балаларды аз уақытқа да қараусыз қалдырмауды ескертті. Сондай-ақ шыбын-шіркейге арналған тор баланы құлаудан қорғай алмайды. Терезе маңына бала өрмелеп шығуы мүмкін жиһаз қоюға да болмайды.

Ұйымдастырушылар бұл жұмыстың алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді. Шектеуіш орнатылған отбасылар шараның әсіресе бірнеше бала тәрбиелеп отырған үйлер үшін маңызды екенін атап өтті.