
Қазақстанда жол қозғалысы ережелеріне ауқымды өзгерістер кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Оның басты мақсаты – жол қауіпсіздігін арттыру, жол-көлік оқиғаларының санын азайту және азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Уваев мәлімдеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Спикердің айтуынша, биыл наурыз айынан бастап Астанада «Сергек» жүйесімен қатар «Presight AL LTD» ЖШС-нің заманауи интеллектуалды кешендері қолданылып келеді. Олар Жол қозғалысы ережелерінің 15-ке дейінгі түрлі бұзушылығын автоматты түрде анықтай алады.
Жаңа кешендерді кезең-кезеңімен енгізу аясында қауіпсіздік белдігін тақпай көлік жүргізудің 20 мыңнан астам дерегі, көлік тізгінінде отырып ұялы телефон пайдаланудың шамамен 2,5 мың фактісі және жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге жол бермеген 127 жағдайы тіркелген.
Қазіргі уақытта жүйені кеңейтуге арналған монтаждау және техникалық жұмыс жалғасып жатыр.
Полиция департаментінің өкілі жаңа камералар жаңа айыппұл түрлерін енгізбейтінін атап өтті. Олар заңнамада бұрыннан көзделген құқық бұзушылықтарды ғана автоматты түрде тіркейді.
«Вафельді» жол таңбасының негізгі мақсаты – қиылыстардың бітелуіне жол бермеу және көлік қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз ету. Жүргізуші қиылысқа оны толық кесіп өте алатынына сенімді болған жағдайда ғана кіруі тиіс. Егер алда кептеліс болып, қиылыста тоқтап қалу қаупі болса, қиылысқа кіруге болмайды.
Бұл талапты бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 594-бабының 1-бөлігіне сәйкес 3 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап электросамокаттарды жүргізу құқығы жоқ адамдарға оларды пайдалануға берген операторлардың жауапкершілігін көздейтін өзгерістер күшіне енді.
Кикшеринг жүйесіндегі электросамокаттарды мемлекеттік тіркеу және мемлекеттік тіркеу нөмірін беру міндеттелді. Оларды тек А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана жүргізе алады.
2026 жылғы 25 тамыздан бастап электросамокаттардың тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады. Олар велосипед жолымен, ал ондай жол болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен жүруі тиіс. Бұл талаптарды бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 615-бабына сәйкес жауапкершілік көзделген.
Конструкциялық жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан асатын мотовелосипедтер мопедтерге теңестіріліп, міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады. Электросамокатпен және мотовелосипедпен жүрген кезде қорғаныс құралдары мен жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалану міндетті», – деді спикер.
Сонымен қатар полиция «Сергек» компаниясымен бірлесіп, электросамокаттардың мемлекеттік тіркеу нөмірлерін автоматты түрде танитын және жол қозғалысы ережесін бұзу фактілерін тіркейтін жүйені енгізіп жатыр.
«Полиция азаматтарды Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Енгізіліп жатқан өзгерістердің негізгі мақсаты – айыппұл санын көбейту емес, жол-көлік оқиғаларын азайту, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау және жол қауіпсіздігін арттыру», – деп түйіндеді спикер.
#законипорядок #заңментәртіп