Елорда әуежайында пара нысана көздеуден Әлем кубогында жүлде алған спортшыларды сән-салтанатпен қарсы алды

Елорда әуежайында пара нысана көздеуден Әлем кубогында жүлде алған спортшыларды сән-салтанатпен қарсы алды

Астана халықаралық әуежайында Сербияның Нови-Сад қаласында өткен пара нысана көздеуден Әлем кубогында табысты өнер көрсеткен қазақстандық спортшыларды жанкүйерлері салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Дүбірлі додаға әлемнің 51 елінен 291 спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 7 медаль жеңіп алды.

Александр Пасхалиди P1 жаттығуында алтын медаль иеленді.

Ардақ Оторбаев (R1 Team), Айсұлу Мұқашбекова (P2 Team) және Севда Әлиева (P2 Team) күміс жүлдегер атанды.
Ал қола жүлдені Әйгерім Төлегенова (R2 Team), Айсұлу Мұқашбекова (P6 Mix) және Александр Пасхалиди (P6 Mix) жеңіп алды.

Елордаға Қазақстанның паралимпиадалық нысана көздеу құрамасының аға жаттықтырушысы Михаил Бурчалин бастаған 7 спортшы оралды.

Әуежайда жеңімпаздарды туған-туыстары, жанкүйерлер, спорт қауымдастығының өкілдері мен мемлекеттік ұйым қызметкерлері қарсы алды.

Спортшыларға гүл шоқтары табысталып, Мемлекеттік Ту көтеріліп, ұлттық әуендер шырқалды.

«Қазақстанда пара нысана көздеу спорты қарқынды дамып келеді. Әлем кубоктарында көрсеткішіміз жыл сайын жақсарып келеді. Сегіз ай бұрын 8 медаль жеңіп алып рекорд орнатсақ, бұл жолы 12 медаль еншіледік. Бұл турнир әлем чемпионаты мен Азия пара ойындарына қатысуға мүмкіндік беретін MQS нормативін орындаудың соңғы мүмкіндігі болды.

Осындай ыстық ықыласпен қарсы алғандарыңыз бізге үлкен күш береді және алдағы жарыстарда бұдан да көп медаль жеңіп алуға жігерлендіреді», – деді Михаил Бурчалин.

Әлем кубогының жүлдегері Севда Әлиева жарыстағы бәсекенің өте жоғары болғанын айтып, қол жеткізген нәтиже ұзақ дайындықтың жемісі екенін атап өтті.

«Бұл өте қиын Әлем кубогы болды. Жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен келген мықты спортшылар қатысты. Олардың көпшілігі бұл спортпен 20-30 жылдан бері айналысады. Сондықтан жеңіп алған медальдардың қадірі ерекше. Біз күн сайын бес сағаттан жаттықтық, соның нәтижесін көрдік.

Алда бізді 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама берілетін лицензиялық жарыстар күтіп тұр. Осындай жылы қарсы алады деп күтпедім. Бұл өте әсерлі болды. Баршаңызға қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын», – деді Севда Әлиева.