«Заң мен тәртіп»: Астанада студенттерге есірткінің заңсыз айналымына қатысты сот процесі көрсетілді

«Заң мен тәртіп»: Астанада студенттерге есірткінің заңсыз айналымына қатысты сот процесі көрсетілді

Елорданың Есіл ауданының прокуратурасы «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында MNU университетінде ауқымды құқықтық іс-шара өткізді. Университеттің сот отырысы залында заң факультетінің студенттері сот жүйесінің жұмысымен тәжірибе жүзінде танысты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Студенттерге есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты қылмыстық іс бойынша үлгілік сот процесі көрсетілді.
Сот отырысы белгіленген тәртіпке сай өтті: отырыстың ашылуынан бастап, қатысушылардың құқықтарын түсіндіру, дәлелдемелерді зерттеу, тараптардың жарыссөзі және үкімді жариялауға дейінгі барлық кезең қамтылды.

«Мұндай формат жастарға дәстүрлі дәрістерге қарағанда әлдеқайда тиімді профилактикалық әсер етеді. Студенттер сот процесінде жарыспалылық пен заңдылық қағидаттарының іс жүзінде қалай жүзеге асатынын көргенде, жазаның бұлтартпастығы туралы түсінік олар үшін жай теория емес, нақты шындыққа айналады», – дейді Есіл ауданы прокуратурасының өкілдері.

Бастаманың негізгі мақсаты – студенттерге құқықтық білім беру ғана емес, болашақ заңгерлердің құқықтық санасын қалыптастыру. Өмірлік бағытын айқындап жатқан жастарға заңды елемеудің қандай ауыр әрі қайтымсыз салдарға әкелетінін көрсету аса маңызды.

Нақты сот ісін көрсету арқылы ұйымдастырушылар қылмыстық жолға түскен әрбір қадам адамның болашағын құрдымға жіберетінін, ал елімізде «Заң мен тәртіп» қағидатының бұлжымай орындалатынын көрсетті.

Прокурорлар қазіргі заман заңгерге жоғары талап қоятынын атап өтті. Бүгінде заңгер тек заңдарды жетік білетін маман ғана емес, сонымен қатар жоғары адамгершілік қағидаттарын ұстанатын тұлға болуы тиіс.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында біз болашақ әріптестерімізден әділдік, адалдық және қандай жағдайда да сатылмайтын ұстанымды күтеміз. Заң үстемдігі әрбір маманның ішкі қағидасына айналуы қажет. Кәсіби біліктілік пен жоғары моральдық құндылықтардың үйлесуі ғана заңгерге азаматтардың құқықтарын тиімді қорғап, елдегі заңдылықты нығайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті прокуратура өкілдері.
Мұндай іс-шара бір реттік акция емес. Есіл ауданының прокуратурасы жастармен жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, тұрақты түрде ашық диалогтар мен кездесулер ұйымдастырып келеді.

Іс-шараға қатысқан студенттер мұндай тәжірибелік формат олардың мамандыққа деген көзқарасын өзгертіп, заңгердің қоғам алдындағы жауапкершілігін тереңірек түсінуге мүмкіндік бергенін айтты.

#законипорядок #заңментәртіп