Астанада әлеуметтік қорғау жүйесіндегі жаңа тетіктер таныстырылды

Астанада әлеуметтік қорғау жүйесіндегі жаңа тетіктер таныстырылды

Елімізде халықты әлеуметтік қорғау жүйесі кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді. Мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға ерекше назар аударылуда – мүгедектікті белгілеуден бастап арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетуге және жеке көмекшілердің сүйемелдеуіне дейін. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ләззат Сартымбетова мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Оның айтуынша, мүгедектікті белгілеу мемлекеттік қолдаудың көптеген шараларын алудың алғашқы кезеңі болып табылады. Сондықтан азаматтарды медициналық-әлеуметтік сараптамаға (МӘС) жіберу кезінде медициналық құжаттарды сапалы дайындау ерекше маңызды рөл атқарады.

« 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері 10 466 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның ішінде 5 418 қызмет (51,8%) сырттай проактивті форматта, ал 5 048 қызмет (48,2%) бетпе-бет куәландыру кезінде көрсетілді. Салыстыру үшін, өткен жылдың осы кезеңінде 9 617 қызмет көрсетілген, бұл ретте сырттай проактивті форматтың үлесі 45,3%-ды құраған.

Медициналық құжаттардың толық пакеті және денсаулық жағдайын объективті бағалау МӘС мамандарына заңнамада белгіленген мерзімдерде шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Құжаттар толық рәсімделмеген жағдайда азаматтарға қосымша тексерулерден өтуге немесе қызмет алу үшін қайта жүгінуге тура келеді, бұл әлеуметтік қолдау алу мерзімін ұзартады. Осыған байланысты медициналық ұйымдар медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдамаларды дайындау сапасына ерекше көңіл бөлуі қажет.

Реформалардың тағы бір маңызды бағыты – қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау болды. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мұндай ұйымдардың қызметі тек мемлекеттік лицензия болған жағдайда жүзеге асырылады. Бұл жаңашылдық бірыңғай сапа стандарттарын қамтамасыз етуге, қызмет алушылардың қауіпсіздігін арттыруға және мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған», – дейді ол.

Өз сөзінде 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Астана қаласында 18 ұйым лицензия алғанын, оның ішінде 7 мемлекеттік мекеме және 11 үкіметтік емес ұйым бар екенін атап өтті. Олар әртүрлі типтегі 34 бөлімшеде қызмет көрсетіп, 7,1 мыңнан астам қызмет алушыны қамтып отыр.
Ең сұранысқа ие қызметтердің бірі – жыл басынан бері 2 мыңнан астам адам пайдаланған үйде көрсетілетін арнайы әлеуметтік қызметтер болып қалуда.

«Мамандар арнайы әлеуметтік қызметтерді тек лицензиясы бар ұйымдардан алу қажеттігін еске салады. Лицензияның болуы мекеменің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін, білікті мамандардың бар екенін және сапа мен қауіпсіздіктің мемлекеттік стандарттарының сақталуын растайды.

Мүгедектігі бар адамдар үшін жеке көмекші институтын жетілдіру жұмыстары да жүргізілуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жеке көмекшінің қызметтерін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізді. Негізгі жаңашылдық – мүгедектігі бар адам, қызмет көрсетуші және жеке көмекші арасында үшжақты шарттың енгізілуі болды.

Мұндай тетік барлық қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін нақты айқындауға, қызмет көрсетудің ашықтығын арттыруға және олардың сапасын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді», – дейді Ләззат Сартымбетова.

Қызметтердің төлемі әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады және нақты көрсетілген сүйемелдеу көлеміне қарай жүргізіледі. Бір қызметтің құны айлық есептік көрсеткіштің 54,56%-ын құрайды, бұл ретте бір қызметтің ұзақтығы төрт сағаттан аспайды, ал жалпы саны айына 60 қызметтен аспауы тиіс.

Қызмет алушы көрсетілген көмектің сапасын бағалауға, негізді ескертулер болған жағдайда орындалған жұмыстар актісіне қол қоюдан бас тартуға және қызмет көрсетушінің әрекеттеріне заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.

«Цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізу, медициналық-әлеуметтік сараптаманың сапасын арттыру, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетушілерді лицензиялау және жеке көмекші институтын жетілдіру әлеуметтік қорғау жүйесін тиімді, ашық және азаматтардың қажеттіліктеріне бағытталған етуге мүмкіндік береді.

Заманауи ақпараттық жүйелерді пайдалану мемлекеттік органдарды мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктері туралы өзекті деректермен қамтамасыз етеді, қолдау шараларын атаулы түрде ұсынуға, әлеуметтік қызметтерді тиімді жоспарлауға және қызмет алушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге ықпал етеді.

Бұл өзгерістердің басты мақсаты – әрбір мүгедектігі бар адамға уақтылы, сапалы, қауіпсіз және қолжетімді мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету», – деп департамент өкілі сөзін қорытындылады.