Елордалық үстел теннисшілері Ақтөбедегі халықаралық турнирде екі медаль жеңіп алды

Елордалық үстел теннисшілері Ақтөбедегі халықаралық турнирде екі медаль жеңіп алды

Ақтөбеде өтіп жатқан ITTF World Para Future Aktobe 2026 халықаралық үстел теннисі турнирінде елордалық спортшылар екі қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) ресми күнтізбесіне енгізілген беделді жарысқа әлемнің 25 елінен 200-ге жуық спортшы қатысып жатыр.

Турнир қатысушыларға ITTF рейтингтік ұпайларын жинауға мүмкіндік береді және 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін XVII жазғы Паралимпиада ойындарына дайындықтың маңызды кезеңі саналады.

Жекелей сында «Елорда» спорт клубының спортшылары сәтті өнер көрсетіп, Астана құрамасының қоржынына екі қола медаль салды.

Жүлдегерлер қатарында Балзия Таш (8-сынып) пен Жанна Әлиева (3-сынып) бар.
ITTF World Para Future Aktobe 2026 халықаралық турнирі 28 шілдеге дейін жалғасады. Алда жұптық және аралас жұптық сайыстар өтеді. Онда елордалық спортшылар жүлделі орындар үшін сынға түседі.