Елордада «Астана – менің Отанымның елордасы» әлеуметтік туры басталды

Елордада «Астана – менің Отанымның елордасы» әлеуметтік туры басталды

Елордада «Астана – менің Отанымның елордасы» әлеуметтік туры басталды. Жоба аясында еліміздің барлық өңірінен 500 бала елордаға келеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Жобаны Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы» ЖШС ұйымдастырып отыр.
23 шілдеде турдың алғашқы қатысушылары ретінде Атырау облысынан келген 40 оқушы елордаға табан тіреді.

Қатысушылар үшін кәсіби гидтердің көмегімен үш күнге жоспарланған мазмұнды мәдени-танымдық, ойын-сауық және экскурсиялық бағдарлама әзірленген.

Жобаның мақсаты – балалардың Астана туралы танымын кеңейтіп, оларды отансүйгіштікке, туған елге құрмет пен сүйіспеншілікке тәрбиелеу. Сонымен қатар Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен жетістіктері туралы білімдерін тереңдетіп, білім алуға және өзін-өзі дамытуға ынталандыру.

Бағдарлама аясында қатысушылар елорданың басты көрікті жерлерін аралайды. Олардың қатарында «Бәйтерек» монументі, Қазақстан темір жолы музейі, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі және басқа да нысандар бар.

Сонымен қатар балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінген. Олар океанариумға, «Канго» батут саябағына, «Леонардо да Винчи» көрмесіне, «Джунгли» ойын-сауық саябағына барып, Есіл өзенімен теплоходта серуендейді.

Бұл жоба ішкі балалар туризмін дамытуға және өскелең ұрпақтың туған еліне деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етеді.
Әлеуметтік тур жаз мезгілінің соңына дейін жалғасады. Оған Қазақстанның әр өңірінен келген балалар қатысады.