
Жазғы демалыс кезінде балалар үйде, аулада және су айдындарының маңында көбірек уақыт өткізеді. Бұл түрлі қауіпті жағдайлардың туындау қаупін арттырады. Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау және негізгі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін еске салады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
ТЖД мамандары балалардың терезе маңындағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды ұсынады. Ата-аналарға москит торларына сенбеу керектігі ескертіледі, өйткені олар баланың салмағын көтере алмайды. Сондай-ақ терезелерге арнайы балалар құлыптарын немесе шектеуіштер орнату, жиһаздарды терезеге жақын қоймау және кішкентай балаларды терезесі немесе балконы ашық бөлмелерде қараусыз қалдырмау қажет.
Айта кетейік, Астанада Төтенше жағдайлар департаменті аудан әкімдіктерімен бірлесіп, көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне терезе шектеуіштерін тегін орнату бойынша акцияларды тұрақты түрде өткізеді.
Судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау да аса маңызды. ТЖД балаларды су айдындарының жағасында жалғыз қалдырмауға шақырады. Арнайы жабдықталмаған орындарда шомылуға қатаң тыйым салынады. Демалу үшін арнайы жабдықталған жағажайларды таңдап, балаларды үнемі бақылауда ұстау қажет.
Осы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау жазатайым оқиғалардың алдын алуға, балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға көмектеседі.