
Елорданың Нұра ауданында жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ойын-сауық орындарында рейд жүргізілді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Рейд Астана қаласы әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен мемлекеттік органдармен бірлесіп өткізілді.
Іс-шараға Нұра ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, аудандық прокуратура мен полиция басқармасының өкілдері де қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау – басым міндеттердің бірі. Осындай іс-шаралар барысында біз құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, жасөспірімдермен және олардың заңды өкілдерімен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Ата-аналар балаларының кешкі және түнгі уақытта қайда жүргенін біліп, олардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуы маңызды», – деді Астана қаласы әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Қарлығаш Сәркенова.
Айта кетейік, мұндай іс-шаралар тұрақты негізде өткізіліп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған.
«Заң талаптарын сақтау – әр азаматтың міндеті. Мұндай рейдтер құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және қоғамдық тәртіпке құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Нұра ауданы әкімі аппаратының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Салавди Арықбеков.
#законипорядок #заңментәртіп