
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Есіл өзенінің жағалауында тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кең көлемді профилактикалық рейд ұйымдастырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің, қаланың алты ауданы әкімдіктерінің өкілдері, полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мен еріктілер қатысты.
Рейд барысында демалушыларға судағы қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, арнайы ақпараттық жадынамалар таратылды. Сонымен қатар азаматтарға рұқсат етілмеген орындарда суға түсудің қауіптілігі ескертілді.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Әрлен Бүркітбайдың айтуынша, соңғы күндері ауа райының ысуына байланысты өзен-көл жағалауындағы демалушылар саны едәуір артқан.
– Ыстық күндері кейбір тұрғындар мен қала қонақтары қауіпсіздік талаптарын елемей, рұқсат етілмеген орындарда суға түсуде. Осыған байланысты әкімдік, полиция және еріктілермен бірлесіп профилактикалық жұмыстарды күшейттік. Басты мақсатымыз – айыппұл салу емес, адам өмірін сақтап, қайғылы жағдайлардың алдын алу, – деді ол.
Сондай-ақ ол судағы қауіпсіздік талаптарын бұзған азаматтарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері Ғазиз Ерболдың мәліметінше, тыйым салынған жерлерде шомылғандарға, құтқару кеудешесінсіз жүзу құралдарын пайдаланғандарға, мас күйінде суға түскендерге, қараңғы уақытта суға шыққандарға және балаларды қараусыз қалдырған ата-аналарға 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды тек арнайы рұқсат етілген жағажайларда ғана шомылуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Өйткені қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау адам өмірін сақтап қалудың ең тиімді жолы.