
Жыл сайын күн жылынған кезде балалардың терезеден құлап кету қаупі артады. Елордалық полиция ата-аналарды балаларды назардан тыс қалдырмай, үйдегі терезелердің қауіпсіздігін алдын ала қамтамасыз етуге шақырады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Полиция ата-аналарға балаларды бірнеше минутқа да назардан тыс қалдырмауды сұрайды, өйткені мұндай немқұрайлылық орны толмас қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.
Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін ата-аналар мен заңды өкілдер мынадай қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауы қажет:
бала үйде болған кезде терезені ашық қалдырмау;
москит торына сенбеу, себебі бала оған сүйеніп, төмен құлап кетуі мүмкін;
терезелерге арнайы бекіткіштер, бұғаттағыштар және басқа да қорғаныс құрылғыларын орнату;
баланың терезе алдына шығып кетпеуі үшін жиһазды терезеден алыс орналастыру;
балаларға ашық терезенің жанында ойнаудың қауіпті екенін үнемі түсіндіру;
балаларды аз уақытқа болса да қараусыз қалдырмау.
Ашық терезелер мен москит торлары ерекше қауіп төндіреді. Өйткені олар қауіпсіздік сезімін тудырғанымен, баланың салмағына шыдамайды. Осындай қайғылы оқиғалардың басым бөлігі ересектердің балалар қауіпсіздігіне жеткілікті көңіл бөлмеуінен болады.
Жазатайым оқиғалардың алдын алу және балалар жарақатын азайту мақсатында елордалық полиция қызметкерлері тұрақты түрде профилактикалық жұмыс жүргізіп келеді. Мемлекеттік органдармен бірлесіп, аулаларды аралау, сондай-ақ саябақтарда, сауда-ойын-сауық орталықтарында және өзге де қоғамдық орындарда түсіндіру бойынша кездесулер ұйымдастырылады.
Учаскелік полиция инспекторлары күн сайын көпқабатты тұрғын үйлердің, ата-аналардың және мектептердің ортақ чаттарына профилактикалық ескертулер жолдайды. Сондай-ақ еске салатын ақпараттар тұрғын үйлердің кіреберістерінде, емханаларда, мектептерде және балалар мекемелерінде ілінеді.
Елордалық полиция балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің сақтығы мен жауапкершілігіне байланысты екенін еске салады.