
Астанадағы «Қазанат» ипподромында 11-12 шілде күндері ұлттық дәстүрлерді, мәдениетті және қазақтың ұлттық тағамдарын насихаттайтын BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестивалі өтеді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Фестивальге Қазақстанның әр өңірінен 60-тан астам қымыз өндіруші, сондай-ақ Қырғыз Республикасы мен Ресей Федерациясының (Якутия) өкілдері қатысады. Келушілер ұлттық сусынның сан түрінен дәм татып, оны әзірлеу барысымен таныса алады.
Фестивальдің басты оқиғасы – халықаралық қымыз байқауы. Онда үздік өндірушілер ең үздік атану үшін бақ сынайды. Сондай-ақ қонақтарға арнап аспаздық шоулар, ұлттық тағамдарды әзірлеу бойынша шеберлік сабақтары, «Үздік қазы» байқауы, көкпар, бәйге, аударыспақ, қыз қуу, дәстүрлі садақ атудан жарыстар, сондай-ақ «Қой көтеру», «Жілік сындыру», ат үстіндегі квиддич және басқа да ұлттық ойындар әзірленді. Екі күн бойы бас сахнада танымал өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді.
Айта кетсек, фестивальге қатысу үшін билет алу қажет. Келушілерге бір күнге немесе фестивальдің екі күніне бірден жарамды билеттер ұсынылады. Зейнеткерлер мен 16 жасқа дейінгі балалар іс-шараға тегін қатыса алады.