
Астанада 5-6 шілде күндері Қала күніне арналған III халықаралық көше перформанстары фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елордада үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған фестивальге биыл Астана, Алматы және Санкт-Петербург қалаларынан жеті театр ұжымы мен 100-ден астам әртіс қатысады.
Қазақстан атынан Tamenov Show, «Театр для моей птички», «Тотальды театр», ArtиШок, сондай-ақ елордалық «Академия шоу» мен «А3» театрлары өнер көрсетсе, халықаралық қонақ ретінде Санкт-Петербургтің «АспектР» театры келді.
Фестивальдің басты мақсаты – театр өнерін дәстүрлі сахнадан қаланың қоғамдық кеңістігіне шығарып, көрерменді қойылымның белсенді қатысушысына айналдыру.
5 шілдеде фестиваль Амфитеатрдан Атырау көпірі арқылы Қалалық алаңға дейін өткен театрландырылған шерумен ашылды. Ал 6 шілдеде әртістер «Жетісу» саябағында қойылымдарын ұсынды.
Көрермендердің ерекше қызығушылығын серіппелі платформалармен өнер көрсеткен кейіпкерлердің қойылымы тудырды.
Әртістердің айтуынша, мұндай құрылғымен еркін қозғалу үшін тепе-теңдікті сақтап, үздіксіз қозғалыста болу қажет. Олар бұл дағдыны меңгеруге шамамен бір-екі апта кететінін айтты.
Сондай-ақ көлемді костюмдердегі қойылымдар да көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қалың әрі ауыр киіммен жаздың аптап ыстығында өнер көрсету әртістерден үлкен төзімділік пен кәсіби шеберлікті талап етті.
Санкт-Петербургтен келген «АспектР» көше театры Мадагаскар мифтеріне негізделген «Вакока» спектаклін сахналады.
Қойылымның ерекшелігі – көрермендердің оқиғаға тікелей араласып, әртістермен бірге әрекет етуінде.
Театр жетекшісі Астананың кеңдігі, заманауи сәулеті мен ерекше атмосферасы ұжымға зор әсер қалдырғанын атап өтті.
Фестиваль соңында барлық театр ұжымдары марапатталып, ұйымдастырушылар алдағы уақытта қатысушылар қатарын кеңейтіп, жаңа халықаралық театрларды тартуды жоспарлап отыр.