Астана күніне орай 30-дан астам жаңа аула, гүлзар және спорт алаңы ашылды

Астана күніне орай 30-дан астам жаңа аула, гүлзар және спорт алаңы ашылды

Астана күніне орай қаланың барлық алты ауданында жаңадан абаттандырылған нысандар пайдалануға берілді. Қала тұрғындары үшін жаңа аулалар, қоғамдық кеңістіктер, гүлзарлар, спорт және балаларға арналған алаңдар ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Сарыарқа ауданында И.Құтпанов көшесі мен Сарыарқа даңғылында абаттандырылған екі аула пайдалануға берілді. Мұнда қауіпсіз резеңке жабын төселіп, ойын кешендері, спорт алаңдары мен шағын футбол алаңдары орнатылды. Жобалар тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері негізінде орындалды. Сонымен қатар Көктал тұрғын алабындағы А. Үлімжіұлы көшесінде және Агроқалашық тұрғын алабындағы Рауан көшесінде жаңа екі қоғамдық кеңістік ашылды. Онда спорт аймақтары, футбол алаңдары, балалар ойын алаңдары мен орындықтар салынды.

Құрылыс маусымы басталғалы ауданда 15 аулаға күрделі жөндеу жүргізілді.

Нұра ауданында төрт жаңартылған аула, екі гүлзар және заманауи футбол алаңы ел игілігіне берілді. Аумағы шамамен бір гектар болатын «Алтын Шар-1» тұрғын үй кешені жанындағы гүлзар инвестор қаражаты есебінен салынды. Мұнда серуендеу жолдары жасалып, ағаштар, бұталар мен гүлдер отырғызылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды. Сондай-ақ BI Group компаниясымен бірлесіп жүзеге асқан «4 маусым» гүлзары ашылды. Онда жыл бойы сәнін жоғалтпайтын өсімдіктер отырғызылып, 400-ден астам ағаш пен 14 мыңнан астам бұта егілді, серуендеу жолдары, әткеншектер мен шахмат үстелдері орнатылды.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Шыңғыс Айтматов көшесіндегі 41, 41А, 41Б және Сығанақ көшесіндегі 16, 16/1 мекенжайларындағы аулалар абаттандырылды. Сонымен қатар «Үркер City» және «Boston Comfort House» тұрғын үй кешендерінің жанында көлемі 15×30 метр болатын футбол алаңы пайдалануға берілді.

Байқоңыр ауданында абаттандырылған үш аула мен екі қоғамдық кеңістік ашылды. Қоғамдық кеңістіктің бірі Ш. Иманбаев көшесінде, Ғұмар Қараш пен А. Иманов көшелерінің аралығында орналасқан. Оның аумағы 2 мың шаршы метрді құрайды.

Тағы бір қоғамдық кеңістік Пушкин көшесіндегі №2, №4 және №6 тұрғын үйлердің маңында пайдалануға берілді.

Сонымен қатар Ғабдуллин көшесі, 17/1 және Абай даңғылы, 49 және 51 мекенжайларындағы аулалар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жаңартылды. Бұл аумақта мыңнан астам тұрғын тұрады.

Жоба аясында тұрғындардың жайлы демалысы мен бос уақытын қолайлы өткізуіне арналған заманауи аула кеңістігі жасалды.

Сарайшық ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жеті абаттандырылған аула ашылды. Оның екеуі Ахмет Байтұрсынұлы көшесіндегі №17 және №19 үйлерде орналасқан. Қалған бес аула К. Әзірбаев көшесіндегі 6/1, 6/2, 6/3, 6/4 және Байтұрсынұлы көшесіндегі №27 мекенжайында жаңартылды.

Кешенді абаттандыру барысында балалар ойын алаңдары жаңартылып, заманауи ойын кешендері, әткеншектер және шағын сәулет нысандары орнатылды. Жаңартылған аулалар балалар мен ересектердің қауіпсіз әрі жайлы демалуына мүмкіндік береді.

Алматы ауданында Астана күні қарсаңында жеті абаттандырылған аула пайдалануға берілді. Олар Ғ. Мүсірепов көшесі, 10/2, Ш. Құдайбердіұлы көшесі, 38, Манас көшесі, 11/3, Қ. Сәтбаев көшесі, 4/1, Ғ. Мұстафин көшесі, 9, сондай-ақ Б. Момышұлы даңғылы, 2 және Абылай хан даңғылы, 25/1 мекенжайларында орналасқан. Мұнда балалар және спорт алаңдары, воркаут аймақтары орнатылып, футбол мен баскетбол алаңдары жаңартылды, автотұрақтар ретке келтіріліп, ойын алаңдарының жабыны ауыстырылды, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылып, көгалдандыру жұмысы жүргізілді. Бұдан бөлек, Ш. Құдайбердіұлы даңғылы бойындағы №23 және №36 үйлердің жанында екі қоғамдық кеңістік ашылды.

№36 үйдің маңында тыныш демалыс аймағы жасалса, №23 үйдің жанында воркаут алаңы, волейбол және баскетбол алаңдары, жаттығу құрылғылары мен ұлттық спорт түрлеріне арналған аймақтары бар көпфункционалды кеңістік салынды. Жыл басынан бері ауданда 26 аула жаңартылды.

Есіл ауданында Астана күніне орай Жайсан көшесі, 18 мекенжайындағы «Адина» тұрғын үй кешенінің ауласында абаттандыру жұмысы аяқталып, жаңа аула пайдалануға берілді.

Елордада аудандарды кешенді абаттандыру жұмысы жалғасып жатыр. Қалада аулалар жаңартылып, қоғамдық кеңістіктер көбейтілуде, көше жиһаздары орнатылып, жарықтандыру жүйесі жаңғыртылып, тұрғындардың жайлы демалысына арналған жаңа орындар ашылып жатыр.