
Ұлттық домбыра күні мен Астана күні қарсаңында қалалық жазғы амфитеатр сахнасында мультимедиялық музыкалық қойылым өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Мәдени іс-шара домбыра өнерінің тарихи маңызын дәріптеуге және қазақ мәдениетін заманауи форматта танытуға бағытталды.
Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ақерке Жұманбаеваның айтуынша, Астана күніне орай елорда тұрғындары мен қонақтары үшін 200-ден астам іс-шара жоспарланған.
«Біз әрбір тұрғын мен қала қонағы өзіне ұнайтын іс-шараны таңдап, жалпы халықтық мерекені тамашалағанын қалаймыз. Ал бүгін, Ұлттық домбыра күніне орай, ұлттық мәдени дәстүрлер мен жасанды интеллект үйлесім тапқан бірегей жоба жүзеге асырылып жатыр. Күні бойы қала тұрғындары мен қонақтары домбырамен және өзге де ұлттық аспаптармен танысып, балалар ұлттық аспапта ойнауды үйренді, сондай-ақ аспап жасау бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Іс-шараның ең әсерлі сәті – ашық аспан астында өткен концерт болды.
Онда жанды музыка, халық әндері мен билері ең заманауи технологиялармен үйлесім тапты. Бұл – біз үшін жаңа, өте қызықты әрі болашағы зор тәжірибе», – деді Ақерке Жұманбаева.
Еске салайық, бүгін елордада ұлттық музыкалық мұраны және қазақтың бірегей домбыра өнерін дәріптеуге арналған интерактивті, мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды.