
Астанада Ұлттық домбыра күні мен Елорда күні қарсаңында қалалық қойылымдардың халықаралық фестиваліне қатысушы көше театрлары әртістерінің ерекше театрландырылған шеруі өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Шеру Амфитеатрдан басталып, Атырау көпірі арқылы Қалалық алаңға дейін жалғасты. Жол бойында ондаған қала тұрғыны өнерпаздарға қосылып отырды.
Шерудің жалпы бағыты шамамен екі шақырымды құрады.
Мерекелік көңіл күйді тек музыка мен көше әртістері ғана емес, еріктілер де ерекше әсерге бөледі. Олар ниет білдірушілерге венециялық бетперделер таратып, балалар мен ересектер оларды киіп, суретке түсіп, театрландырылған шерудің толыққанды қатысушыларына айналды.
Шерудің басында елордалық «Шоу академиясы» жүрді. Оның әртістері тізбектің алдында жай ғана жүріп қоймай, қала тұрғындарын мерекеге қосылуға шақырып, әзілдесіп, би билеп, думанды өздері бастап отырды.
Фестивальге қазақстандық Tamenov Show, «Театр для моей птички», «Тотальный театр», Art и Шок, «А3» театрлары, сондай-ақ Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан келген «АспектР» театры қатысты.
«Шоу академиясының» директоры Бекзат Науқанның айтуынша, мұндай шеруге әзірлік көпшілікке жарияланбай тұрып-ақ басталады.
«Қала тұрғындары мереке мен шеру туралы екі-үш күн бұрын ғана біледі. Ал біз оған екі-үш ай бойы дайындаламыз. Әр жолы дәл бізге осы шеруді бастау сеніп тапсырылғанына қуанамыз. Әрине, бұл оңай емес, бірақ біз өз жұмысымызды жақсы көреміз.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, баршаңызды Астана күнімен құттықтаймыз», – деді ол.
Оның айтуынша, өнерпаздар үшін ең үлкен марапат – шеруге қатысушылар қатарының көз алдында көбейіп жатқанын көру.
«Елорда тұрғындарының бізді қолдап жатқаны ерекше сезім сыйлайды. Біз бар күшімізді халық үшін саламыз. Адамдардың өз еркімен қосылып жатқанын көргенде қатты қуанамыз. Барлық қала тұрғынына қолдау көрсеткені үшін алғысымыз шексіз.
Мұның бәрін сіздер үшін жасап жүрміз. Сүйікті Астана, мерекең құтты болсын!» – деді Бекзат Науқан.
Қалалық перформанстар фестивалі 6 шілде күні де жалғасады. Сағат 14:30-да мерекелік қойылымдар «Жетісу» саябағында өтеді.