Астанада балалар арасында KIDS RUN жарысы өтті

Астанада балалар арасында KIDS RUN жарысы өтті

Астана күніне орай Орталық саябақтағы шаңғы-роллер трассасында балалар арасында жүгіруден KIDS RUN жарысы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жарысқа 6 мен 15 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар қатысты. Жас ерекшеліктеріне қарай қатысушылар 300, 500 және 1000 метр қашықтықтарға жүгірді.

Қалалық спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербайдың айтуынша, бұл жолы қатысушылар саны екі есеге артқан.

«Өздеріңіз білетіндей, биыл 1 маусым күні де осындай жарыс ұйымдастырған едік. Сол кезде 500 қатысушы тіркеліп, ата-аналар балалар санын көбейтуді сұрады. Соның нәтижесінде бұл жолы қатысушылар санын 1000-ға дейін арттыру туралы шешім қабылдадық. Онлайн тіркеу ашылғаннан кейін барлық слот небәрі бір жарым күнде толды.

Алдағы уақытта да балаларға арналған іс-шараларды тұрақты өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Ержігіт Өсербай.

Жарыстың ерекшелігі – әр жас санатында (6-7, 8-9, 10-11, 12-13 және 14-15 жас) ұлдар мен қыздар арасында жеңімпаздар жеке анықталды.
Жарыс жеңімпаздарының бірі, 11 жастағы Юлиана Дмитриева бұл сайысқа өзінің спорттық дайындығын сынау үшін қатысқанын айтты.

«Мен бір жылдан бері жеңіл атлетика үйірмесіне қатысамын. Осы уақыт ішінде жинаған тәжірибемді сынап көргім келді. Бүгін 500 метр қашықтықта бірінші болып мәреге жеткеніме өте қуаныштымын. Жеңіске жетуіме ата-анамның қолдауы да үлкен әсер етті. Осындай мерекелік атмосферада жарысқа қатысу ерекше әсер сыйлады», – деді ол.

Айта кетейік, KIDS RUN жобасы балалардың дене белсенділігін арттыруға, спорт мәдениетін қалыптастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.