
Елорда күніне орай 3-6 шілде аралығында Астанада ересектер арасында асық атудан Қазақстан Республикасының XII командалық чемпионаты өтеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Дәстүрлі республикалық жарысқа еліміздің барлық өңірінен үздік спортшылар қатысады. Жалпы саны 120-ға жуық қатысушы Қазақстан чемпионы атағы үшін бақ сынайды.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі 4 шілде күні сағат 12:00-де «Аспан» спорт кешенінде өтеді.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орын алған жеңімпаздар келесі жылы өтетін Азия чемпионатына жолдама алады. Ал екінші және үшінші орын иегерлері Әлем кубогында ел намысын қорғау құқығына ие болады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының қатарына енгізіледі.
Чемпионаттың жабылу салтанаты мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 6 шілде күні сағат 11:00-де өтеді.
Айта кетейік, асық атудан Қазақстан Республикасының XII командалық чемпионаты қала күнін мерекелеу аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға, салауатты өмір салтын дәріптеуге, сондай-ақ қазақ халқының дәстүрлі ойындарын жас ұрпақ арасында сақтап, дамытуға бағытталған маңызды спорттық іс-шаралардың бірі саналады.