200-ден астам іс-шара: Астана күні қалай аталып өтеді

200-ден астам іс-шара: Астана күні қалай аталып өтеді

Ашық аспан астындағы концерттер, фестивальдер, спорттық жарыстар, театр премьералары мен отбасылық іс-шаралар. Астана күніне орай елордада ауқымды мерекелік бағдарлама әзірленді. Қала тұрғындары мен қонақтарына арнап шаһардың әртүрлі алаңдарында 200-ден астам іс-шара өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

2 шілде күні сағат 15:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Камералық залында (Абай даңғылы, 29) ақындар арасындағы «Байрағы биік байтағым» республикалық мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.

Сол күні сағат 17:00-де Бейбітшілік және келісім саябағында экологияны, шығармашылықты және белсенді демалысты тоғыстыратын «Taza Fest Astana» фестивалі ұйымдастырылады.

Қонақтарға экожобалар көрмесі, экологиялық эстафеталар, интерактивті алаңдар мен концерттік бағдарлама ұсынылады.

Фестиваль қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында өтеді.

Сағат 19:30-да Есіл өзені бойында Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетімді оркестрі теплоход үстінде концерттік бағдарлама ұсынады.

3 шілде күні сағат 09:00-де Самал саябағында «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Жасыл ел» жастарының қатысуымен экологиялық іс-шара өтеді.

Сағат 10:00-де М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында жас фотографтардың «Астана – шабыт мекені» фотокөрмесі ашылады. Ал сағат 11:00-де мұнда концерттік бағдарлама, би батлдары, перформанстар мен интерактивті алаңдарды қамтитын «Ел жүрегі – Астана!» жастар open-air фестивалі басталады.

Сол уақытта Экохабта «Екінші өмір» байқауы өтеді. Онда «Жасыл ел» жобасының қатысушылары мен эко-белсенділер қайта өңделген материалдардан жасалған авторлық бұйымдарын ұсынады.

Сағат 15:00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Менің Астанам – менің отбасым» онлайн-байқауына қатысқан жас отбасыларды марапаттау рәсімі ұйымдастырылады. Байқау «Отбасы – бақыт мекені» жобасы аясында өткізілді.

Сол күні сағат 16:00-де Бейбітшілік және келісім саябағында «Кішкентай құрылысшылар – үлкен Астана» балалар фестивалі өтеді.

Сағат 19:00-де Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің алдындағы амфитеатрда «Даламыздың үнісің сен, домбыра» атты концерт өтеді. Онда «Алтын домбыра» мектебінің тәрбиеленушілері өнер көрсетеді.

3 және 4 шілде күндері Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда заманауи балеттің «ALEM» пластикалық спектаклінің «Астана, мен сені сүйемін» атты премьерасы ұсынылады.

4-6 шілде аралығында Астана циркінде қала күніне арналған мерекелік бағдарлама өтеді.

«Мерекелік саябақ» фестивалі 4 шілдеде Өнер музейінде, ал 5-6 шілдеде Орталық саябақта жалғасады. Бағдарлама аясында шеберлік сабақтары, ұлттық ойындар, шығармашылық белсенді іс-шаралар мен интерактивті алаңдар ұйымдастырылады.

4 шілде күні сағат 09:00-де Орталық саябақтағы шаңғы-роллер трассасында Kids Run балалар жарысы өтеді. Оған 6-15 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Тіркелу онлайн форматта жүргізіледі.

Сағат 18:00-де Sana Sport спорт кешені жанындағы скейт-паркте Urban Fest көше спорты фестивалі ұйымдастырылады. Бағдарламада скейтбординг, BMX, ролик және самокат спортынан жарыстар өтеді. Көрермендер үшін кіру тегін, ал қатысушылар сол жерде тіркеле алады.

5 шілде күні сағат 17:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында қазақтың дәстүрлі музыкалық өнері мен өңірлік орындаушылық мектептерін насихаттауға арналған «Асыл мұра» концерті өтеді.

Мәдени кешке Сержан Мұрсайын, Перизат Тұрарова, Өзгеріс Шерікбай, Бейбіт Мұсаев, Ардақ Балажанова, Нұржан Жанпейісов, Алмас Алматов, Елмұра Жаңаберген, Марат Сүгірбай, Күнсұлу Түрікпен, Айгүл Қосанова, Дастан Есентеміров, Айгүл Елшібаева, Қазбек Әдікей, Медет Салықов, Клара Төленбаева және Гүлмира Сарина қатысады.

Сол күні елордалық Амфитеатрда Ұлттық домбыра күніне арналған концерт өтеді. Қонақтарға мультимедиялық шоу, домбыра мен жетігенде ойнау бойынша шеберлік сабақтары, балаларға арналған шығармашылық алаңдар және ашық аспан астындағы кино көрсетілімі ұсынылады.

5 және 6 шілдеде Астана көшелері үлкен театр сахнасына айналады. Қалалық перформанс фестивалі 5 шілдеде Амфитеатрдан Қалалық алаңға дейінгі бағытта өтсе, 6 шілдеде «Жетісу» саябағында жалғасады. Көше театрларының әртістері көрермендерді қойылымдарға тікелей қатыстырады.

5 шілде күні сағат 08:00-де Ырыскелді қажы мешіті жанындағы жағалауда SARYARQA RUN бұқаралық жүгіру жарысы ұйымдастырылады. Оған 16 жастан асқан кез келген адам қатыса алады. Тіркелу онлайн форматта жүргізіледі.

6 шілдеде спорт сүйер қауымға арнап мазмұнды бағдарлама әзірленді. Сағат 10:00-де Триатлон саябағында еркін және грек-рим күресінен, қазақ күресі мен дзюдодан «Жас Қыран» турнирі өтеді.

Сағат 11:00-де Ғашықтар саябағында асық атудан «Астана сақасы» турнирі ұйымдастырылады.

Ал сағат 16:00-де Астана әкімдігі алдындағы қалалық алаңда «Толағай» алыптар сайысы өтеді.

Дәстүр бойынша 6 шілдеде елорданың тұрғын алаптарында мерекелік концерттер ұйымдастырылады. Тұрғындар алдында қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді.

Сағат 12:00-де Достық үйінде шығармашылық ұжымдардың қатысуымен «Өнермен нұрланған – асқақ Астана» фестивалі өтеді.

Кешкі сағат 18:00-де «Қазақ елі» монументі мен «Астана Арена» стадионының маңында Open Air форматындағы мерекелік концерттер басталады. Онда қазақстандық танымал өнерпаздар өнер көрсетеді.

7 шілде күні сағат 19:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында «Жайдарман» жастар фестивалі өтеді.

Сол күні сағат 19:00-де Амфитеатр сахнасында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның эстрадалық және классикалық вокал бөлімінің солистері «Астана – арман қала» концертін өткізеді.

8 шілде күні сағат 15:00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Қаламгер ұстаханасы» әдеби алаңы өз жұмысын жалғастырады. Мұнда келушілер еліміздің белгілі ақын-жазушыларының шығармашылығымен таныса алады.

Сағат 19:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында композитор әрі домбырашы Бауыржан Мақаевтың шығармашылығына арналған «Самғау» музыкалық кеші өтеді.

11 шілдеде «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының қалалық кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылады.

11-12 шілде күндері сағат 09:00-ден бастап «Қазанат» ипподромында ұлттық тағамдардың BaiQymyz – бапталған қымыз халықаралық гастрономиялық фестивалі өтеді. Оған Қазақстанның түрлі өңірлерінен, сондай-ақ Қырғызстан мен Ресейдің (Якутия) қымыз өндірушілері қатысады.

Мерекелік бағдарлама аясында коммерциялық концерттер мен мәдени шаралар да жоспарланған. Қала тұрғындары мен қонақтары Төреғали Төреәлі, Мақпал Жүнісова, «Жігіттер» тобының концерттерін, «Piano Stories.

Шопеннен Прокофьевке дейін» музыкалық кешін, «Астана Опера» театрындағы халықаралық «Дон Карлос» фестивалін және «Шаншар» театрының жаңа бағдарламасын тамашалай алады.

Осылайша, мерекелік көңіл күй қаланың ашық алаңдарын ғана емес, елорданың жетекші концерт залдарын да қамтып, әр талғамға сай мәдени бағдарламаны ұсынады.

Мерекелік іс-шаралармен қатар, Астана күніне орай елордада бірқатар жаңа инфрақұрылым нысаны пайдалануға беріледі. Мереке күндері қаланың барлық ауданында 25-тен астам абаттандырылған аула мен қоғамдық кеңістік ашылады.

Сонымен қатар, Астананың Индустриялық паркінде жаңа өндіріс орындарын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, қаланың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Жаңа нысандардың ашылуы қалалық инфрақұрылымды дамытудағы маңызды кезең болып, жайлы әрі заманауи қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы болмақ.